Жылдар бойы интернет пен байланысқа зар болып отырған жұрттың өкпесі қара қазандай. Себебі, көштен қалған Ақтау ауылының тұрғындары тиісті құжатты алу үшін, 140 шақырымдық аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Ал, ҰБТ-ға дайындалып жатқан түлектердің дайындығы тіптен нашарлап кеткен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Министр жаздың соңына дейін базалық станция орнатылады деген уәде берген.
Мамыр айында уәде берген министрдің сөзі бүгінге дейін орындалмады. Ал, осыдан екі жыл бұрын интернетті қостыртуға арнап қойылған құрылғы жарамсыз күйде тұр.
Ақтау ауылының тұрғындарына интернет орнату үшін, 2021 жылы биік мұнараны 12 миллион теңгеге орнатқан билік өкілдері. Алайда, бүгінге дейін тұрғындар интернетті, тіпті байланысты да көремей отыр.
"3G интернетттің өзі дұрыс ұстамай тұр, бұл үкімет қайда қарап отыр?! Масқара шаруа ғой. Халықты сонда адам құрлы санап та тұрған жоқ қой", - дейді Ақтау ауылының тұрғыны Жалғас Мықтыбай.
Интернет пен байланыстың жоқтығынан ауыл тұрғындары 140 шақырымдық аудан орталығына сабылады екен. Мұғалімдерге электронды күнделік сор болыпты.
"Ауыртпалық көп. Шын мәнінде мұғалімдерге қиын болып тұр. Ауданға барып реттейміз. Кейде Қаражалға барып келеміз бағаларды қою үшін. Жаңарқаға барып келеміз бағаларды қою үшін", - дейді Ақтау ауылы мектеп директорының орынбасары Айгүл Ахметова.
Жылдар бойы жауыр болған мәселені жұрт аудан, тіпті облыс әкіміне бірнеше рет айтқан. Бірақ, мәселені шешуге асығар бір шендіні көрмедік дейді.
"Депутаттар келеді, ауданның басшылары келеді. Бәрі қарық қылып кетеді. Ештеңе жасалып жатқан жоқ біздің ауылда", - дейді Ақтау ауылының тұрғыны Алтынгүл Омарова.
Ал, уәдені беріп, артынша орындамай кеткен Бағдат Мусиннің қоластындағылар болса, мәселені шешуге Ұлытау облысының әкімдігі асықпай отыр дейді.
"Бүгінгі жағдай мынандай. Интернет операторлары Ұлытау облысы әкімдігіне тиісті құжаттар берген. Ол жаққа антенналық діңгек құрылымын орнату керек. Онымен қоса, жер берілу керек. Қазір оның барлығын орындау үшін, жұмыстар қолға алынды. Қаржы бөлу мәселесі де қарастылып жатыр. Алайда, ауыл әкімінің өзі интернеттің жуық арада келетініне анық сенбейтін сыңайлы", - дейді ҚР ЦДИАӨМ байланыс саласындағы бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов.
Сөйтсе, 12 млн теңге жұмсап орнатқан спутникті жүйенің күші жетпейді екен. Енді оны радиорелейліге ауыстыру қажет. Оған кем дегенде 150-200 млн теңге керек. Сондықтан, Ақтау ауылының халқына интернетті күте тұрудан басқа амал жоқ сияқты.