Былтыр Астанадағы оқушылар саны 16 мың балаға артқан еді. Мектепке дейінгі балалардың саны туу мен көші-қон көрсеткішінің жоғары деңгейіне байланысты артып отыр. Биылғы оқу жылында бір ғана 1-сыныпқа 22 мыңға жуық оқушы қабылданады деп күтілуде, деп хабарлайды elorda.info.
Айта кетейік, биыл еліміздің мектептерінде нөлдік сыныптар пайда болады. Ол сыныпқа қабылданған балалар алфавитті "Әліппе" бойынша оқиды. Жақында ғана білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұның бірінші сыныпқа келетін балалардың дайындық деңгейі арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мүмкіндік беретінін айтты.
Нөлдік сыныпты бұрынғыдай мектепте де, балабақшада да өтуге болады.
Балабақшалармен бірге қала бойынша 49 шағын орталықтар жұмыс жасайды. Оның 46-сы – мемлекеттік, ал 3-еуі – жекеменшік. Жұмыс уақыты жарты күн. Онда мектепке баратын балаларды төрт жастан бастап тегін түрде дайындайды. Орталыққа жолдама алу үшін бала Астана қаласы бойынша балабақша кезегінде ресми түрде тұруы керек. Бұдан бөлек, әр мектептің жанынан "Балдырғандар мектебі" ашылған. 13 маусым-13 тамыз аралығында баланы мектепке баруға бейімдейтін даярлық сыныптары әр сабағы 25-30 минуттан үш сағат оқытады.