Ұлттық банк Қазақстандағы онлайн-кредиттеуді реттеу жөніндегі заңнамаға түзетулермен таныстырды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, бүгінгі күні халыққа кредитті валюталар мен кредиттің мөлшерлемесі бойынша қандай да бір шектеусіз бәрі бере алады.
"Банк кредиттері және МҚҰ кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 56%-дан аспауға тиіс болса, онлайн-кредиттер бойынша ешқандай шектеу жоқ, сондықтан олар жылдық 700%-ға, тіптен 900%-ға дейін жетеді. Тәуекелдерді түсінбей не ақшаны тез алу ниетімен қарызды алған қарыз алушы - біздің азаматтардың саны 236 мың адамға жетті. Онлайн-кредитті алған және оны өтеумен байланысты елеулі проблемалары бар азаматтардың заң тұрғысынан қорғалмайтынын түсіну қажет", - дейді ол.
Осыған байланысты Данияр Ақышев, Ұлттық банктің заңнамадағы осы кемшілікті жою және осындай қарыздарға қызмет көрсету азаматтардың қаржылық жағдайына қауіп төндірмейтіндей және олардың онлайн-кредиторларға тәуелділігін арттырмайтындай шектеу енгізу қажет деп есептейтінін атап өтті.
"Ұлттық банк мөлшерлеме жылдық 100%-дан аспауға тиіс, ал қарыз тек қана теңгемен берілуге тиіс деп есептейді. Және тағы бір маңызды талап, егер онлайн-қарыз шарты мен көрсеткен өлшемшарттардың біріне де сәйкес келмесе, онда осындай қарыз заңсыз деп танылып, қажет болған кезде сот тәртібімен расталуы мүмкін. Біздің мақсатымыз онлайн-кредитті бизнес ретінде жауып тастау емес, Қазақстанда онлайн-кредиттеудің халықты кредиттік құлдыққа түсіретіндей моделінің таралуына жол бермеу", - деп атап өтті ол.