Орман өртіне кінәлі бұрынғы басшыны қорғаушысы толық ақтап алуға тырыспақшы

445

Қостанай облысында алапат орман өртіне кінәлі деп табылған бұрынғы басшының қорғаушысы сот үкімімен келіспейді.

Орман өртіне кінәлі бұрынғы басшыны қорғаушысы толық ақтап алуға тырыспақшы Фото: top-news.kz

Толық ақтап шығу керек еді, деп мәлімдеді. Басаман орман шаруашылығының бұрынғы басшысы Асхат Жакешевті прокурор 7 жылға түрмеге қамауды сұрағанда, сот 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Не себепті судья қылмыстық кодекстің 361-нші бабымен емес, жазасы жеңілдеу 371-нші бабы бойынша үкім шығарды? Мемлекет пен тұрғындардың 22 млрд теңгеден астам материалдық шығыны қалай өтеледі?

Басаман орман шаруашылығының бұрынғы басшысы Асхат Жакешев былтыр қыркүйек айының 13-інде қамауға алынған еді. Прокуорлар оның үстінен Лауазымдық өкiлеттігін теріс пайдаланудың ауыр салдарға алып келуі жөнінде қылмыстық іс қозғады. Жакешевке тағылған айып ауыр болды. Оның қызмет мүддесіне қайшы әркеттерінің кесірінен жалпы құны 18 млрд 774 млнға бағаланған 40 мың гектарға жуық орман күлге айналды. 91 тұрғын үй мен 9 бизнес нысаны жанып кетті. Жалпы, шығын 22 млрд теңге деп есептелді. Жакешевтің қорғаушысы әу баста бұл айыппен келіскен жоқпыз дейді.

"Сотқа дейінгі тергеу басталғанда-ақ Жакашев лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланбағанын арнайы прокурорларға айттық. Ол әрі кетсе салғырттық бабы бойынша заң бұзуы мүмкін деп ескерттік. Осы бап бойынша процессуалдық келісім жасауды да ұсындық. Алайда, арнайы прокурорлар бізбен келіспеді", - дейді қорғаушы Сабыржан Иманбаев.

Прокурорлар бұл сотта Асхат Жакешевке 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Ал, судья айыпталушыны сот залынан босатып жіберді.

"Қылмыстық істі қарау кезінде айыпталушының Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiн қайшы қолдану деректері дәлелденген жоқ. Сондықтан қылмыстық кодекстің 371 бабы 2-тармағы, яғни "салғырттық" бойынша жаза тағайындалды. Бұл бап сыбайлас жемқорлыққа жатпайды, орташа деңгейдегі қылмыс болып саналады", - дейді судья Алтын Байжұманова.

Сондай-ақ судя Басаман орман шаруашылығы мен 45 тұрғынның материалдық шығындарды өтеу жөніндегі азаматтық талаптарын дәлел-дәйектері жоқ деп қанағаттандырмады.

"Бұл үкім бізді ешқандай таңқалдырған жоқ, солай болады деп ойладық. Тіпті, ақтап қалар деген үміт те болды. Себебі орманды  -  шаруашылықта жұмыс істемейтін азаматтардан қорғау оның міндеті емес. Ормандағы өртке кінәлі трактор жүргізушісі жазасын алды. Біз сот үкіміне шағым түсіріп, толық ақтап алуға тырысамыз", - дейді қорғаушы Сабыржан Иманбаев.

Бұл алапат орман өрті үшін қаңтар айында трактор жүргізуші  Әулиекөл аудандық сотының үкімімен бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оның тракторынан шыққан ұшқын, құрғап тұрған шөпке тиіп от тұтатанған. Ал, Жәкішев бұл тракторшыны орманға кіргізбеуі тиіс еді. Өрт қауіпсіздігі жоғары кезде ағаш кесуді тоқтатпаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу