Бүгінде қазынаға 676 миллион теңге түскен. Былтыр қыркүйекте 40 мыңға жуық гектар жасыл-желек отқа оранған еді. Мамандар соның 10 процентін ғана тазалапты.
Қысы-жазы оттегі бөліп, жап-жасыл болған орманға қараудың өзі аянышты. Алапат өрттен бір де бір қарағай аман қалмаған. Құламай, тік тұрғанымен енді олар қайтып көктемейді. Тек кейбірінің бас жағынан тіршілік нышаны байқалады. Олар да 2-3 жылдан соң өледі екен. Осы уақыт аралықта тұқым шашуы үшін қалдырып жатыр.
"Тек арнайы белгі қойған ағаштарды ғана кесеміз, іріктейміз. Әрбір ағаш есепте тұр. Кейбірінің төбесінде жасыл бүршіктер бар. Көктемде олар тұқым шашады", дейді Ағаш кесуші Анатолий Комков.
Кесілген ағаштардың бағасы әртүрлі. Құрылысқа жарамды бөренелердің бір текше метрі 16 мың теңгеден. Ал, отындық 420 теңге. Алапат өрт 40 мыңға жуық жасыл алқапты шарпыды. Соның 29 мың гектары Семиозер орман шаруашылығына тиесілі. Мұнда 6 бригада ағаш кесумен айналысады.
"Сегіз жарымнан бастаймыз жұмысты. Тасимыз, жинаймыз. Сорт әртүрлі соның бәрін жинаймыз", дейді Механизатор Азамат Ахметқалиев.
Былтыр мұнда 12 мың текше метр ағаш кесілген. Биыл 2 мың гектар алқаптан 307 мың текше метр орман оталады. Ағашты көбіне тұрғындар мен жеке кәсіпкерлер сатып алған. Орман шаруа шаруашылығының есепшотына 387 млн теңге түсіпті.
"Осы қаржыға техника паркін жаңаласақ па деген жоспар бар. Биыл 9 уазик көлігі мен 3 өрт сөндіру машинасын, тұқымсепкіштер алу көзделген. Ең ескі техника 66-ншы жылғы, 80, 90-ншы жылдары сатып алғандар да бар", дейді Орман шаруашылығы басшысының орынбасары Еркін Баймағанбетов.
Ағашы кесілген алқаптарға 3 жылдан соң ғана көшеттер отырғызылады. Осы уақыт аралығында тұқымнан өздігімен өсіп шығатындары болады, сол процесті күтпекші. Бүгінде өртенген аумақтың 10 пайызы ғана аршылған. Мамандардың сөзінше, Әулиекөлдегі өрттен залал шеккен орманды тазартуға кемінде он жыл қажет.