Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты кәсіпкерді бопсалау және заңсыз бас бостандығынан айыру ісі бойынша сот талқылауы басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жәбірленуші BAUR Kazakhstan компаниясының бұрынғы иесі Абай Жүнісов өз айғақтарында қалай 165 күн бойы үйінде қамауда болғанын, қысымға ұшырап, бизнесін тартып алғанын айтып берді. Айтуынша бұл оқиға 2019 жылдың ақпан айынан басталған. Сол кезде Гүлмира Сатыбалды бастаған топ оны ата-анасының үйінің жанында ұрлап әкеткен.
"13 ақпанда мен Қалқамандағы анамның мекенжайында болғанымда, досым екеуміз сыртқа шығып, көлікке отырмақ болдық. Осы кезде Гүлмира өзінің жүргізушісі Мәди Батыршаевпен және бірнеше қызметкермен бірге келді. Ол өзін агрессивті ұстап, ештеңе түсіндірмеді. Мәди біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрды. Ал Гүлмира маған оның ОПГ мүшесімен сөйлесіп жатқанын айтып қорқытты. Содан кейін психологиялық қысыммен мені көлікке отырғызды. Егер айтқанына көнбесем, мылтықты аузыма тақап, әкететінін айтты", – деді Абай Жүнісов.
Кейін оны "Гаухартас" ТК-дегі BAUR Kazakhstan кеңсесіне әкелген. Кіре берісте бетперде киген адамдар қарсы алған. Кеңседе оның ағасы Қасым мен Сатыбалды болған. Олар Абайға бизнесті ұрлады деп жала жапқан.
"Ол үстіме бір бөтелке су құйып жіберді. Егер мен мойындамасам және активтер бермесем, төмендегі ОПГ мүшелері мені өз қабірімді қазу үшін орманға апаратынын айтып қорқытты", – деп еске алады жәбірленуші.
Жүнісовтың айтуынша, оны 2019 жылдың 14 ақпанынан 28 маусымына дейін 165 күн бойы оқшауланған Қарғалы шағынауданындағы үйінде ұстаған.
"Мені тәулік бойы күзетпен ұстады, үйден шыға алмадым. Ал Сатыбалдының ықпалына байланысты құқық қорғау органдарынан көмек те сұрай алмадым. 18 ақпанда әйелім модемді үйден шығаруға тырысқан кезінде қолын терең кесіп жіберген. Жедел жәрдем шақырып, жұбайыма көмектесуге тырыстым. Ал Батыршаев жедел жәрдемнің келуіне жол бермеді. Кейін полицияға қоңырау шалдым. Ал полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық жанжал шешіліп қойылғанын айтты. Кейін Батыршаев маған Гүлмираның хабарласқанын жеткізді. Ол әйелімді психиатриялық ауруханаға жатқызып, мені өлтіремін деп қорқытты", – деп қосты жәбірленуші.
Жүнісовтың айтуынша, 2019 жылдың наурыз айында Қайрат Сатыбалды жеке кездесуі үшін "Қайсар плазаға" шақырған.
"Гүлмира Сатыбалды маған бұл біздің соңғы кездесуіміз болуы мүмкін екенін айтты. Мені Қайрат Сатыбалды кеңсесі орналасқан жоғарғы қабатқа апарды. Гүлмира маған тағы да ұрлық жасады деп жала жаба бастады. Бұған кінәлі емес екенімді түсіндірдім. Содан кейін Қайрат мені жарықсыз көрші кабинетке апарып, ұрлыққа қатысымды сұрап, жауап ала бастады. Ол “егер мен қашуға тырыссам, қай жерден болсын алып кететінін айтты", – деді Абай Жүнісов.
Сондай-ақ Абай Жүнісов "Қазақтелекомға" тиесілі жабдық арқылы өтірік детекторынан өтуге мәжбүр болған. Сатыбалдының жұбайы, сол арқылы шетелдегі активтер мен мүлік туралы ақпаратты білуге тырысқан.