Орталық Азия мен Қытай: серіктестіктің проблемалары мен перспективасы

459

Кедендік кедергілерді азайтып, сауда айналымын арттыру, сыртқы қауіптерге тәуелді болмай, импорт алмастыруды көбейту.

Орталық Азия мен Қытай: серіктестіктің проблемалары мен перспективасы Фото: inbusiness.kz

Бүгін Ташкентте бас қосқан Қытай мен Орталық Азия елдерінің елшілері осы мәселелерді көтерді. Өңірдегі ынтымақтастықты арттыруға қандай кедергілер бар? Қазір қай салаға мән берген жөн?

Геосаяси картина күн сайын құбылып тұр. Дәстүрлі логистикалық тізбектердің одан әрі үзілу қаупі артып барады. Сондықтан қазір географиялық орналасуымыздың бар әлеуетін пайдаланып, ауыл шаруашылығынан бастап, инновацияға дейін бірлесе дамытуымыз керек, дейді Қытай елшісі.

"Орталық Азия мен Қытай арасындағы жүк тасымалы, Қытай-Қазақ құбыр жолдары бұл қазіргі заманның Жібек жолы деуге болады. Сондықтан біз өңірдің транзиттік әлеуетін толық пайдалана білуіміз керек. Қытайдың аймаққа инвестициясы 70 миллиард доллардан асты. Қазір Қытай минералды ресурстар, энергетика мен инновациялық жобаларды дамытуға қызығып отыр", - деді ҚХР Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ю Цзюнь.

Соңғы жылдары Орталық Азия логистикалық ХАБ-қа айналып келеді. Алайда сарапшылар өңір транзиттік қызметке қанағат демей жан-жақтан пайда таба білу керек деген пікірде.

"Қазіргі жағдайда аймақтың логистикалық тартымдылығы артып келеді. Бірақ елдер тек транзиттік қызмет атқармауы тиіс. Енді Орталық Азия қосылған құн салығы бойынша нарықтағы өз үлесін алуы керек. Ол үшін барлық деңгейдегі автоматтандыру қажет. Сонда ғана аймақтың шикізаттық базасы мен ресурстарын толық пайдалана аламыз", - деді Орталық Азия халықаралық институтының директорының м.а Фанил Кадиров.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 70 миллиард доллардан асқан. Бұл 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен 50 пайызға көбірек. Енді тараптар бірлескен өндірістік жобаларға бет бұруды ұсынып отыр.

"Бір белдеу-бір жол" бағдарламасы тек транзиттік жоба емес, соның аясында бірлескен өндірістік кәсіпорындар ашылып жатыр. Ол өз кезегінде жаңа экспорттық нарықтарды бағындыруға мүмкіндік жасады. Енді қазір технологиялар мен ғылыми жетістіктер алмасу арқылы аймақтағы экономикалық тұрақтылықты дамыту маңызды", - деді ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов.

Биыл Қытай ұсынған "Бір белдеу-бір жол" стартегиялық бастамасына 10 жыл. Осы аралықта Қорғас экономикалық аймағы мен Қазақстан арқылы өтетін Қытай-Еуропа теміржол бағыты ашылды. Қазақстан Тынық мұхитқа тікелей қатынайтын портқа ие болып, Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік торабына айналды. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу