Осы күнге дейін "қызыл паспортпен" жүргендер көп

404

Соңғы бір жыл ішінде Ақтөбе облысында ешқандай құжаты жоқ 83 адам анықталған.  

Осы күнге дейін "қызыл паспортпен" жүргендер көп Фото: Әзиз Жанұзақ

Оның ішінде 60 адам өздерін Қазақстан республикасының азаматы ретінде таныстырған. Басқалары әр жылдары алыс-жақын шет елдерден келгендер, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазір Ақтөбедегі тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға арналған бейімдеу орталығында осындай төрт адам тұрып жатыр. Жастары келсе де, олар зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді ала алмай отыр.

Мәселен, өзін Орақ Теміров деп таныстырған кісінің құжатсыз жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Айтуынша, тоқсаныншы жылдардың соңында істі болып, темір торға қамалған. Жазасын өтеп шыққан соң жеке куәлік алуға асықпаған. Дегенмен, ешбір құжатсыз, тамыр-таныссыз жұмыс істеген.

"1995 жылы паспортымды жоғалттым. Одан кейін істі болып, қамалдым. Абақтыдан шыққан соң құжаттарымды қалпына келтірудің реті келмеді. Осы уақытқа дейін әр жерде мал бағып, күнімді көрдім. Қожалық иелері жеке куәлігімнің бар-жоғын сұраған да емес. Туыстарым бар. Бірақ, көптен бері ешқайсысын көрмедім. Мен кеткенде балам 15 жаста ғана еді. Жақында хабарластым, Ақтауда тұрады екен. Құжаттарымды реттеген соң алып кетуге уәде берді. Өзім сол жаққа асығып жүрмін", - дейді ол.

Ал, Ниала Романюк Ресейде дүниеге келген. Тоқсаныншы жылдардан бастап жолдасымен бірге Ақтөбеде тұрған. Төрт баласының екеуі қайтыс болған.

"Күйеуім де келместің кемесіне мініп кетті. Қалған екі балам хабарласпайды. Кезінде екі бөлмелі пәтерім болған еді. Оны сатып жіберді. Мен далада қалдым. Құжаттарым да жоқ. Денсаулығым да нашарлады. Бірақ, құжат болмағандықтан тегін медициналық көмекті де ала алмаймын", - деп мұңайды кейуана.

Мекеме қызметкерлері қазір бұл азаматтардың құжаттарын қалпына келтіруге тырысып жатыр. Алайда, бұл оңай шаруа емес. Өйткені, туу туралы куәліктен бастап жинау керек.

"Қазақстанда туған азаматтар болса, оларға құжат дайындауда аса қиындық жоқ. Бірақ, біздің мекемеде Өзбекстан, Молдова, Ресей мемлекеттерінде туып, біздің елге бертінде келгендер бар. Олардың жеке басын анықтау оңайға соқпай отыр. Соның салдарынан медициналық көмектің өзін ала алмайды", - дейді мекеме психологы Қайрат Жұмағалиев.

Үй-күйі жоқ жандардың жұмысқа орналасуы да қиын. Қазір мекемеде жатқан 50-ден аса адамның тек төртеуі ғана екі қолға бір күрек тапқан. Соңғы бір жыл ішінде мұндағы 8 адамға жаңа құжат беріліпті.

"Азаматтардың көбі зейнет жасы жақындағанда ғана құжат керек екенін естеріне алады. Кейбірі мерзімі өткен куәліктерін ауыстыруға асықпайды. Тіпті, бейтаныс адамдарға беріп қойып, жоғалтып жатады. Мұндай жағдайлар түзету мекемелерінен шыққан және шаруа қожалықтарында жұмыс істеп жүрген адамдарда көп кездеседі", - дейді Ақтөбе облыстық көші-қон басқармасының бастығы Эльмира Болтаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу