Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл еліміз IT өнімдер экспортында 500 млн долларлық межені бағындыруға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Astana Hub алаңында Silkway Accelerator бағдарламасының Demo Day іс-шарасы өтті.
"Astana Hub бүгінгі IT экожүйесінің басым элементі деп айтуға болады. Мұнда 1,3 мыңнан астам компания тіркелген. Олар тек отандық қана емес, 300-ге жуығы халықаралық деңгейдегі компаниялар. 2020 жылы Қазақстан бойынша IT экспорттық өнім 30 млн доллар шамасында болған. Біз 2022 жылы 250 млн долларға IT экспорттық өнім жасап шығардық. Яғни өсім бар. Биыл 500 млн долларлық межеге жетеміз деген ойдамын. Жуырда Мемлекет басшысы жылына 1 млрд долларға IT экспорттық өнімді жасауға тапсырма берген болатын", - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Silkway Accelerator бағдарламасының төртінші легінде 15 жоба іріктеліп шыққан. Олар Қазақстан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның IT өнімдері. Соның ішінде тек 12-сі ғана 3 айлық бағдарламаны сәтті еңсерген.
"Silkway Accelerator – стартап жобаларға арналған арнайы бағдарлама. Оған Орталық Азия және Грузия, Әзербайжан елдері қатыса алады. Бағдарламаның басты мақсаты – стартаптарға қолдау көрсету. Оған қатысқан жобалар өздерінің табысын өсіре алады, сондай-ақ инвестиция да тарта алады. Бұл бағдарлама 12 апта өтеді. Оған қолданыстағы, белгілі бір табысы бар, нарыққа шығып көрген, жобаны кеңейтуді мақсат еткен жобалар қатысады", - деді Astana Hub бизнес бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Әшімбек Әбілғазинов.
Іс-шара аясында нарыққа технологиялық шешімдерді енгізуді мақсат еткен жобалар өздерінің жеткен жетістіктері туралы айтты. Соның бірі – Aqyl battle мобильді қосымшасы.
"2022 жылы мобильді ойынның негізі қаланды. Оны әзірлеуге жарты жылдай уақыт жұмсалды. Нарыққа жоба ретінде шыққанымызға 1 жыл 2 ай. Командада 12 адам жұмыс істейді. Қазір 600 мыңнан аса қолданушымыз бар, бірақ Aqyl battle-дың аясы кеңірек. Бұл жобаны естіген адамдардың саны бірнеше миллион адамды қамтиды. Бұл – қазақ тілді жоба, бұдан бөлек орыс тіліне толық аударылған. Жасанды интеллект бізге масштабқа шығуға мүмкіндік береді. Негізгі миссиямыз – ұлттарды, мемлекеттерді білім арқылы байланыстыру. Silkway Accelerator-ға түскеніме өте қуаныштымын. Бізде жаңадан тіркелген қолданушылар саны 30 мыңнан асты. Қаражат жағынан көптеген гипотеза тексердік", - деді жобаның негізін қалаушы Айболат Құлатай.