INSTAGRAM әлеуметтік желісінде Павлодар тұрғыны үскірік аязда бір-біріне мейірімді болуға шақырғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Достар, далада үскірік аяз! – деп жазады қала тұрғыны. – Таңертең және кешке аялдамаларда жұмысқа немесе үйіне жете алмай дірдеңдеп тұрған адамдарды көруге болады. Себебі, лық толы қоғамдық автобустар тоқтамайды немесе болмай қалады. Аяз кезінде далада 10-15 минут тұрған уақыт – ғасырға тең... Жұмысқа немесе үйге (өз көлігіңізбен) бара жатқан кезде бір бағытта баратын жолаушыны ала кетсеңіз жақсы болар еді. Суықта тонып тұрған жандар бұл ұсынысты қуана қабыл алары сөзсіз!".
Айта кетерлігі, бұл хабарлама әсіресе, демалыс күндері маңызды. "Қазгидромет" РММ Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұрлан Нәбиевтің ақпаратына сүйенсек, 19-20 қараша күндері өңірде 38 градус аяз болады деп күтілуде.