Петиция беруге арналған ресми сайт ашылады

496

Қазақстанда петиция беруге арналған ресми сайт ашылады. 

Петиция беруге арналған ресми сайт ашылады

Осылайша, көп кешікпей азаматтар арнайы интернет портал арқылы қол жинап, наразылық білдіре алады. Сондай-ақ "петиция" ұғымы заңда бекітіліп, оны берудің  тәртібі де айқындалмақ. 

Мәселен, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемі 150 азамат қосылуы қажет. Ал проблемаға Үкімет назар аударысын десеңіз, аз дегенде 50 мың қол жинау керек.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәжіліс депутаттарына "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасын таныстырып, негізгі ережелерін де түсіндірді. Мәселен петиция авторлары 20 жұмыс күні ішінде кем дегенде 150 қол жинау керек. Сонда ғана ол ресми тіркеледі.  

"Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Сондай-ақ уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды Мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде (АҚШ, Өзбекстан және тағы басқа) қолданылады", деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Бірақ, 150 қол жинау жеткіліксіз. Мемлекеттік орган петицияны міндетті түрде қарастыруы үшін мына талаптарды орындау керек:

Алғашқысы аудандық деңгей.  Ауданда халық саны 50 мыңнан асатын болса, кемі 2,5 мың қол жинау керек. Ал 50 мыңнан аз болса, халық санының кемінде 5%-ы қосылуы тиіс. Сонда ғана аудан әкімдігі петицияны қарауға міндетті болады. Ал аудандық мәслихат қарастыруы үшін халқы 50 мыңнан асатын болса  5 мың қол, аспайтын болса халықтың кемі 10%-ы петицияға қосылуы шарт.

Ал облыстық әкімдік петицияны қарасын десеңіз, өңір тұрғындарының аз дегенде 1 пайызының дауысын жинау қажет. Облыстық мәслихаттар үшін 2 пайыздық меже қойылған. 

Ал мәселеге Үкімет назар аударуы үшін кем дегенде 50 мың қол жинау қажет.  Егер осы талаптар орындалса, мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, талқылап,  мәселе бойынша жұмыс тобын құруы тиіс болады. Петиция бойынша шешімді меморганның бірінші басшысы қабылдайды. 

"Сондай-ақ, заңда петиция беруге жатпайтын, яғни тыйым салынған тақырыптардың да тізімі бар. Мәселен елді басқару нысанын өзгертуге, оның әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекарасына, сот төрелігіне, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздікке қатысты  тақырыптар бойынша қол жинауға болмайды. Барлығы 16 тақырыпқа тыйым салынған. Мұндай петицияларды атқарушы органдар қарастырмайтын болады. Бірақ заң жобасын талқылау кезінде депутаттарды бір мәселе алаңдатты. Олар петицияны қарастыру уақыты тым ұзақ әрі бюрократияланған", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Оның үстіне, петицияға қатысты соңғы шешімді меморган басшысы шығаратын болса, халықтың наразылығы жай қалып, талап тілегі орындалмай да қалуы мүмкін. Министр Дархан Қыдырәлі заң жобасын дайындау кезінде АҚШ, Өзбекстан сияқты шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенгенін айтты. Ал Украина тәжірибесінде, егер петиция 25 мыңнан астам қол жинаса, мәселені Президент, яғни Зеленский тікелей қарастырып, жауап беруі керек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу