Пияз экспортына қойылған шектеу шаруаларға соққы болады - шаруа

495

Шет мемлекеттерден отандық пиязға деген сұраныстың артқаны соншалық, Үкімет жуаны бұдан былай экспорттамайтын болды. Ішкі нарықтың тапшылығыннан қатты қорыққан билік әзірге 3 айлық шектеу енгізіп отыр.

Пияз экспортына қойылған шектеу шаруаларға соққы болады - шаруа

Сөйтіп, таза өніммен өзгені емес, өзімізді жарылқамақшы. Жарылқап қана қоймай, бағасын да тұрақтандырмақ. Алайда, ойға алғандары оңай іске аса қоймайтын сияқты. Шектеудің шекеден ұратынын айтып шағымданған шаруалар: "миллион тонна көкөністі босқа шірітіп аламыз" деп қауіптенеді. Бағасы да шенділер ойлағандай арзандамайтын көрінеді.

Пияз өсіруші ең ірі ел - Пәкістандағы табиғи апат, Өзбекстандағы жуалардың аяздан үсіп кетуі бұл көгөніс түрінің әлемдік нарықта едәуір қымбаттауына алып келді. Енді көп ел біздің арзан және таза өнімнен дәмеленіп отыр. Былтырғыдай бұқарасы картоп пен қант таппай қалмау үшін Смайылов кабинеті қазірден қамданғанға ұқсайды.

"Сыртқы нарықтардағы сұраныстың жоғары болуына байланысты жергілікті көкөністерді "сұр схемалар" арқылы басқа елдерге экспорттау ықтималдығы жоғары. Барлық факторларды ескере отырып, сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл көрші елдерде жаңа дақыл пайда болғанға дейін пияздағы халықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", деп мәлімдеді ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Десе де, бұл жаңалық диқандарды қуанта қоймады. Жылда елге қажетті көлемді артығымен орындайтын олар, былтыр да жоспарды 3 есе асырып 1 млн 100 тонна жинап алған. Ал, ел халқы осының 360 мың тоннасын ғана тұтынады. Қалғаны шет елдерге экспортталуы керек. Аяқасты қойылған шектеу олардың бар жоспарын бұзып тұр. 

Мұндай шектеу диқанды шығынға ұшыратады. Қазір елдегі қоймаларда 152 мың тонна қор сақтаулы. Егер келер айдың соңына дейін жуалар сатылып кетпесе, пайдаға аспай, шіріп кетуі мүмкін. Өйткені елде заманауи қоймалар жоқтың қасы. Күн жылығанда көгөністі сақтап тұру тіпті мүмкін емес. 

"Екі жыл бұрын қырыққабатқа шектеу қойған үйстіп. Бүкіл южный регион бүкіл капустаны лақтырды шірітіп. Былтыр күзде естеріңізде болса, қырыққабат қатты қымбаттап кетті. Егер биыл біраз адам пияз екпей қалса күзде біз тағы қымбат пияз жейміз", дейді Шаруа қожалығының директоры Нұрлан Нұрбеков. 

Негізінен Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев осыған дейін пияз экспортына тыйым салуды қолдамайтынын айтқан. Бірақ комиссия шешіміне қалайда көндіккенге ұқсайды. 

"Жалпы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Егерде тұрақсыз жағдай қалыптасатын болса, онда шекараны ашып, бұл экспорттың тыйымды алып тастау керек болады. Бұл жерде тағы да комиссияның шешіміне байланысты болады", дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Қазақстан негізінен жуаны Ресей және Орталық Азия елдеріне экспорттайды. Республикада пияздың көтерме бағасы 150-170 теңге. Ал көршілес Ресей мен Өзбекстанда баға 240 теңге көлемінде. Сондықтан арзан өнімге кім-кімнің де таласы бар-ақ. Үкімет қабылдаған шешім шаруалар айтқандай, "артық қыламыз деп тыртық қылып алдының" кебін кимесе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу