Прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

225

Елде синтетикалық есірткі жасау өсіп келеді. 

Прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі Фото: РИА Новости

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Снежанна Имашева заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.

"Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл "жаңашылдықтан" қалыс қалған жоқ.  Синтетикалық есірткі, дәстүрлі есірткілеріне кокаин, героин қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса, синтетиканың барлық компоненттері заңды және қолжетімді", - деді ол.

Оның дерегінше, 2019 жылы 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лаборатория жойылды. Жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прекурсор алынды. Осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілді. 1 тонна 967 гр (екі тоннаға жуық) есірткі, оның ішінде 457 кг синтетикалық есірткі тәркіленді.

"Бұл есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін көрсетеді. Бұл – неғұрлым тиімді шара. Бірақ та, қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленгенде, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне сәйкес күшті әсер ететін заттардың айналымындағы  жағдай да осындай болып тұр. "Трамадол", "тропикамид", "азоттың тотығы", "сомнол", "прегабалин" және тағы сол сияқты медицина препараттары, әсіресе жасөспірімдер тым көп пайдаланып жатыр.

Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, нәтижесінде оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті. Сондықтан, жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек", - деп жалғастырды Мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске түзетулерге енгізілмек.

"Психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емделген адамдар арнайы медициналық көмек көрсететін ұйымнан шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда динамикалық тұрғыдан қаралуға жататындығы туралы норма көзделген және ол жерде денсаулығын күту үшін ары қарай ем қабылдауға міндетті", - деді Снежанна Имашева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу