Шымент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Олег Почивалов үшінші мегаполисте өткен спорттық шарада төбе көрсетті. Ол стенд атудан жастар ойындарының финалдық жарыстарын өткізу үшін кешенді халықаралық оқ ату нысанының ашылуына қатысты.
Бұған дейін экс-шенеуніктің Ресей азаматы екені анықталып, қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы оны Қазақстан азаматтығынан айырған болатын. Көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Нысанбаеваның айтуынша, тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы дүниеге келген Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21-бабының 5-тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелген. Бірақ көп ұзамай Олег Почивалов Полиция департаментінің үстінен сотқа шағым түсірді. Алайда Әл-Фараби аудандық соты оның шағымын қанағаттандырмады.
Судьяның айтуынша, Олег Почиваловтың РФ азаматтығын алғаны және тиісті паспорты болғанын анықталған. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденіпті. Нәтижесінде сот Полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заң бұзу анықтаған жоқ.
Осыдан кейін Шымкент әкімінің өкімімен Олег Владимирович шет мемлекет азаматы болып табылуына байланысты басқарма басшысы қызметінен ресми түрде босатылды.
Қалалық спорт басқармасындағылардың мәліметінше, бұрынғы шенеунік Шымкенттегі халықаралық оқ ату нысанының ашылу салтанатына Қазақстандық спорттық ату федерациясының бас хатшысы және Азия спорттық ату конфедерациясы атқару комитетінің мүшесі ретінде қатысыпты.