Реттеуші банк кредитінің шекті ставкасын төмендетуді кейінге қалдырды

464

Қаржы нарығын реттеуші банк кредитінің шекті ставкасын төмендетуді кейінге қалдырды. 

Реттеуші банк кредитінің шекті ставкасын төмендетуді кейінге қалдырды Фото: yandex

Еске салсақ, елімізде 2011 жылдан бері банктердің  тиімді ставкасы жылына 56 пайыз. Бұған дейін белгілі банкирлер ставканы түсіру туралы бастама көтерген. Реттеуіш 44 пайызға түсіру жобасын жасағанымен, жеме-жемге келгенде қабылдамады. 

Қаржы нарығын дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Парламент кулуарында ставканың жыл сайын өзгеретінін мәлімдеді. Оның айтуынша,  кредиттің шекті пайызы нарықтық факторлар мен базалық ставкаға байланысты болмақ. Оған қоса, банк тәуекелі, операциялық шығындар мен банктің маржасы қосылатын болады. Ал тәуелсіз сарапшылардың сөзінше, мөлшерлемені ертерек түсіру керек еді. Бұл шешім халықты қарызға батырмай, проблемалық борышкерлерді азайтар еді. Осы ретте, "шекті ставка түссе, банктердің тәуекелі артып,  қарызды ойланып беретін болады" дейді сарапшылар. 

"Егер біздегі базалық ставка қазір 16,5 пайыз екенін ескерсек, оған банктің тәуекелі қосылса, сәйкесінше шекті ставка қазір 56 пайыздан әлдеқайда төмен болады. Естеріңізде болса, ставканы 44 пайызға дейін түсіру туралы заң жобасы талқылауға шығарылған. Кейін қайта өшірілді. Менің ойымша, мөлшерлемені қайта қарау туралы шешім қабылдаған секілді", дейді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу