Құрылысқа сараптама жасауда мемлекеттің үлесі артады

678

Құрылыс сапасын арттыруға әлемдік тәжірибелерді қолдану керек.

 Құрылысқа сараптама жасауда мемлекеттің үлесі артады Фото: egemen.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеке сараптама ұйымдарының құзыретін 56% дейін қысқартуға ниетті. Саладағы заң нормаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, ашық нормативтік құқықтық актілер порталында талқылауға ұсынылған. Сараптама ұйымдарының палатасы болса бұл бұйрықтың талаптарына наразы. Олар бұл қадамдар құрылыс саласындағы мемлекеттік монополияны күшейтуге ғана алып келеді деп отыр.

Министрлік заңдағы өзгерістер жосықсыз сараптама орындарының санын азайтатынына сенімді. Бұл қадам сараптама нарығын реттеумен қатар құрылыс сапасын арттыруға да септігін тигізеді деп отыр. Сондықтан заң арқылы құрылыс жұмыстарына сараптама жүргізуге тәжірибелі мамандарды тартуды көздейді.  

"Өрескел заң бұзушылықтар жеке мекемелерде кездесетіні жасырын емес. Бұл бастама кем дегенде сараптама сапасын аттырады. Мемлекеттік сараптамада да кемшіліктер болып жатады. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ жеке ұйымдарда кездесетіндей үлкен кемшіліктер емес", - дейді ҚР ИИДМ Құрылыс комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков.

Ал құрамына 208 компания кіретін  "Сараптамалық ұйымдар палатасы" кәсіби бірлестігі бұл байламмен келіспейді. Олар құрылыс сапасын арттырудың басқа да тәсілдері бар деп отыр. Тіпті, палата өкілдері министрлік іс жүзінде сараптамалық ұйымдардың қызметін бақыламайтынын айтады. Өйткені қолданыстағы заңнамалық базада мұндай өкілеттіктер жоқ. Сапаны арттырамыз десе осы олқылықтарды реттесін дейді бірлестік басшысы. Бірақ ол ұсыныстарына уәкілетті органдар құлақ аспапты.

 "Мұндай жолмен біз сапаға қол жеткізе алмаймыз. Мемлекеттік сараптаманың да қателіктері жеткілікті. Бір жақты шешім қабылдауға болмайды. Құрылыс сапасын арттыруға әлемдік тәжірибелерді қолдану керек. Мәселен кәсіби жауапкершілікті арттырып, сақтандыру тәртібін енгізсін.  Жер жүзі осы талаппен жұмыс істегенде біз неге істей алмаймыз",- деді сараптамалық ұйымдар палатасының төрағасы Берік Ережепов.

Мұндай қадамға бару мемлекеттік монополияға қайта оралу деп баға берді сарапшы. Қазіргі таңда Қазақстанда құрылыс жобаларына мемлекеттік емес сараптамамен жүргізетін 245 жеке сараптама ұйымы бар. Егер жаңа өзгерістер қабылданатын болса, 2 мыңнан астам сарапшы мен ілеспе мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу