Ресей мен Белорусьтың жүк көліктеріне Қазақстан арқылы өтуге рұқсат беретін ереже жергілікті ойыншыларға кедергі келтіріп отыр. Егер ережені тоқтатпаса, жүздеген автотранспорттаушы банкротқа ұшырап, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жергілікті жүк тасымалдаушылар пандемиядан кейін қалпына келіп үлгермей жатып, тағы да соққы алды. Индустрия министрлігі Ресей және Белорусьтің автотасымалдаушыларына тіркемесін қайта тиеуге рұқсат ететін заң қабылдаған. Ресейлік бизнеске санкцияны айналып өтуге мүмкіндік беретін заң жобасы биыл наурызда күшіне енген. Ал, салалық министрлік бұл заңды экономиканың қамы үшін қабылдадық деген пікір білдірген.
"Біз тіркемелерді қайта тиеуге келісім бердік. Мұнда мәселенің екі жағы бар. Бірінші жағында отандық тасымалдаушылар, екіншіден - тауарларды алатын экономика: біздің кәсіпкерлер мен өндірушілер. Сондықтан біз тіркемелерді қайта тиеуге рұқсат беру туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін бұл көлем ресейлік және беларусиялық тасымалдаушыларға тиесілі болатын. Жалпы, осылайша біз Қазақстан экономикасына басымдық бердік", - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Автотранспорт қауымдастығының пікірінше, министрліктің бұл шешімі қазақстандық тасымалдаушыларға халықаралық нарықтарға шығуын шектейді. Яғни, Ресей және Белорусь бұл нарықта бағаны демпинг арқылы түсіріп, Еуропадан Қытайға дейінгі автомобиль бағыттарының бәрін монополияға айналдырып алған. Соның кесірінен отандыұ жүк тасымалдаушылар автотректері жол жиегінде қаңтарылып тұр. Бұдан әрине, мемқазына миллиардтаған түсімнен қағылады.
"Қазақстанға Еуропадан келетін тауардан түсетін баж салығы еліміздің емес, еуроодақтың қазынасына кетеді. Қосымша құн салығы жергілікті бюджетке төленеді. Ал, экспорттағанда Ресей мен Белорусиялық компаниялардың қалтасына түседі", - дейді Қазақстан автотранспорт тасымалдаушылар қауымдастығының Халықаралық тасымалдар бөлімінің жетекшісі Мұрат Серімбетов.
Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша ,мәселенің астарында шетелдік жүк тасымалдаушылардың лоббиі тұрғаны анық. Қаржы мәселесінен бөлек, саяси жағын да ескермеуге болмайды. Қазақстан тіркеме тиеуге рұқсат беру арқылы Ресей мен Белоруське тауар өткізеді деген айыппен батыстың санкциясына ілігуі мүмкін.
"Менің ойымша, біздің шенеуніктер санкциядан гөрі, ресейлік қысымнан қорқатын сияқты. Олар қайталама санкцияға ілінетімізді түсінбейді. Бұл жағдайдан тек шенеуніктер емес, экономика, бүкіл ел, сектор зардап шегеді. Салдарынан әлеуметтік шиеленіс ушығады", дейді экономист Айдар Әлібаев.
Қазақстанда 43 халықаралық автожол бағыты болса, соның үштен бірі ресейлік және белорусь бәсекелестер жаулап алған. Қазір жергілікті компанияларға бұл бизнестен түсетін табыс төмендеген. Салдарынан, кейбір автотранспорт компаниясы жұмысын тоқтатуға мәжбүр, кейбіреулері өзін банкрот деп жариялаған. Мамандардың болжауынша, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Нарық өкілдері жауапты министрліктен Ресей мен Белорусь компанияларына тіркеме тиеуге рұқсат беретін заңның күшін жоюын сұрайды.