"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқармасы төрағасы Ахметжан Есімов "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры тасжолының 820 шақырымына барып қайтты. Газ құбырының құрылысы 2019 жылы қазан айында аяқталады, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
"Қазіргі таңда газ құбырының құрылысы 75%-ға аяқталған. Жалғау жұмыстары Қарағанды мен Ақмола облыстарында жүргізіліп жатыр. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен әкімдіктер құрылыстың желілік жағы тәмамдалғаннан кейін елдімекендер мен астананы газбен жабдықтауға кіріседі", – деді "АстанаГазҚМГ" АҚ Бас директоры Сағидулла Мақашев.
Айта кеткен жөн, "Сарыарқа" газ құбыры "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырынан бастау алады. Негізгі құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына қарай аяқталатын болады. Пайдалануға енгізу 2020 жылы жоспарланып отыр. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061 км, ол 1,7 млн тұрғыны бар 171 елдімекенді қамтиды.