Сенатор Ернұр Әйткенов тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтіндер үшін салық жүктемесін азайтуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дамыған елдердегі қалдықты басқару жүйесі жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату сияқты барлық кезеңді қамтиды. Бірақ та Қазақстанда бұл процесс қоқысты шығару және оны полигондарда көмумен ғана шектеліп отыр. Қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату деңгейі 24%-ды ғана құрайды", – деді сенатор.
Айтуынша, Салық кодексінде салаға қатысты салық жүктемесі жоғары олып белгіленген.
"Бұл жалпы қайталама шикізатты жинаудың қымбаттауына әкеледі. Мысалы, 10 келі макулатура тапсыру үшін қабылдау пунктіне жеке куәлік әкеліп, сатып алу актісін толтыру керек. Ақша төлеген кезде жеке табыс салығының 10%-ы ұсталады. Бұл деректер қайталама шикізат жинаушылардың наразылығын туғызып қана қоймай, күш-қуатты ұлғайтуда шикізат тапшылығын туындатады. Сонымен қатар, қазақстандық қайта өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және нарықтағы үлесін жоғалтуға ықпал етеді", – деді ол.
Ернұр Әйткенов елдегі полигондардың жай-күйі мәселесі өзекті екенін жасырмады. Істеп тұрған полигондардың тек 20,6%-ы ғана экологиялық және санитарлық нормаға сай келетінін айтты.
Депутат келтірген ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтардың 25%-ы ғана өңделеді. Оның мәліметінше, кей сарапшылар қалдықтардың тек 5%-ы өңделетінін айтады.
Сенатор тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу үшін барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жұмыс комиссиясын құруды ұсынды.
"Қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін Салық кодексіне салық жүктемесін азайту жөніндегі түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Қайталама шикізатты қайта өңдеушілерді дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау қажет",– деді Сенат депутаты Ернұр Әйткенов.
Айта кету керек, осыған дейін әр қазақстандық жылына 210-215 келі тұрмыстық қалдық тастайтынын жазған болатынбыз.