Сенімгерлік басқаруға өткен орталыққа тұрғындардың шағымы көп

711

Облыс тұрғындары Тараз қаласының орталығында орналасқан "Садыхан" диагностикалық орталығынан медициналық талдау- сараптама жасату үшін таң атқаннан кезекке тұру керектігін айтып отыр. 

Сенімгерлік басқаруға өткен орталыққа тұрғындардың шағымы көп Фото: Inbusiness.kz

Дәрігер қабылдауына келушілер анықтама алу немесе жай медициналық тексерістен өту үшін бірқатар есікті ашуға тура келетіндіктерін және бір күнде бірнеше мәрте қайырылуға мәжбүр болатындықтарын айтады. Медицина қызметкерлерінің қызмет көрсетуіне қатысты шағымдары да жоқ емес.

"Тұрғындардың шағымынан кейін орталыққа арнайы бардым. Дәлізде кезек күтіп тұрған емделушілермен сөйлескен соң, бас дәрігер міндетін атқарушы Бағила Ерімбетоваға келушілер көп күтпеуі үшін қабылдаушылар санын ұлғайтуды тапсырдым. Орталықтың халыққа медициналық көмек көрсету бойынша жұмыстарын зерделеу кезінде анықтаған кемшіліктерді жоюға, кезек мәселесін реттеуге бір апта уақыт бердім", - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.

Жалпы "Садыхан" диагностикалық орталығына 45 327  адам тіркелген. Оның 267-і 1 жасқа дейінгі балалар саны - 267, 1510-ы – 5 жасқа дейінгілер болса, жасөспірімдер саны  - 4238, ересектер - 45060.

Басқарма басшысы орталықта медициналық-ақпараттық жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтінін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылуы орын алғанын жеткізді.

Тұрғындар айтып жүрген шағым да – осы. Науқастардың қажеттілігі мен қауіпсіздігін қамтамсыз етуге тиісті іс-шаралар мүлдем ұйымдастырылмаған, дәрігерлер жетіспейді дейді.

Медициналық орталықтың басшылары ғимаратта мамыр айынан бастап күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын, санитарлық талаптарға қатысты шағымдардың осыған байланысты туындап отырғанын алға тартты.

Негізі нысанды сенімгерлік басқаруға берілген алған компания талап бойынша мекеменің инфрақұрылымын дамытып, нысанды жаңғырту мен ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайтып, қажетті құрал-жабдықтарды алуға міндетті.

Жамбыл облысында  емдеу мекемелерін сенімгерлік басқаруға беру үдерісі басталғанда 2016-2019 жылдары  10 нысан бәсекелестік ортаға беріліп, 3 медициналық ұйым жекешелендірілген болатын.

Мәліметке сүйенсек, облыстық офтальмологиялық орталық, өңірлік стоматологиялық емхана, облыстық тері-венерологиялық диспансері және №2, №6, №7 қалалық емханалар жеке азаматтардың жекеменшік басқаруына сеніп тапсырылған. Сондай-ақ №1, №4, №9 қалалық емхана, облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы бәсекелестік ортаға берілген. Оның үшеуі жекешелендірілсе, біреуі сенімгерлік басқаруға өтті.

 Медициналық ұйымдар жекешелендіруге дейін 272 024,2 мың теңге шығынмен шықса, жекешелендіруден кейін жылды 975 127,7 табыспен аяқтаған.

Сенімгерлік басқаруда тұрған 6 мекеменің шығыны жекешелендіруге дейін 6 351,8 мың теңге болса, жекешелендіруден кейін 531 208,7 табыс көрген.

Мамандар экономикалық есеп бойынша сенімгерлік басқаруға беру, емдеу ұйымдарын жекешелендіру тиімді болғанын алға тартуда. Бірақ халыққа қызмет көрсету деңгейі төмендеген. Санитарлық талаптар мен материалдық базаға қатысты шағым көбейген.

Бір ғана мысал, облыс бойынша негізгі құралдардың тозу көрсеткіші 2021 жылы 35,88 пайызды құраған. Ал былтыр бұл көрсеткіш бірден 53,54 пайызға  бір-ақ өсіп,  89,42 пайызға жеткен.

Тараз қаласы бойынша 5,97 пайызға артқан. 2021 жылы – 47, 90 пайыз болса, былтыр 53,87 пайызды көрсеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу