Сәуір айының басында Шарын ұлттық паркінің қызметкерлері бір топ қарақұйрықтың ішінде жүрген альбинос-қарақұйрықты байқап, бейнеге түсірген болатын. Ұзақ уақыт өтпей, түсімен ерекшелінген тұяқты жануар парк аумағында жүргізілген әуе санақ кезінде тағы да инспекторларға жолықты, деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі.
Ғылыми қызметкерлердің айтуы бойынша, табиғатта мұндай құбылыс жиырма мыңның бірінде ғана кездеседі екен.
Қарақұйрық көрікті болғанымен, өмір сүруі өте қиын болмақ. Жыртқыш аңдардың көзіне бірден түсіп, альбиностарға тән түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Ұлттық парк қызметкерлері мен "Охотзоопром" мекемесінің инспекторлары бұл ерекше түсті тұяқтыны назарда ұстайтын болады.
Айта кетсек, қарақұйрық – жұптұяқтылар отрядына жатады. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бүгінде Қазақстанда 20-25 мыңдай қарақұйрық мекен етеді.