2017 жылдың қаңтарында өңір башысының облыстық "Халифа Алтай" мешітінің жұмысымен танысуы барысында бас имам Ермек қажы Мұқатай аудандарды аралау үшін автокөлік қажет екенін айтқан болатын. Сол кезде Даниал Ахметов бұл мәселені оң шешетінін айтқан еді.
Өткен жұма күні өңір басшысы "Халифа Алтай" мешітіне арнайы барып, жаңа Toyota Camry автокөлігін табыстады. Даниал Ахметов көлікті алуға қолдау көрсеткен "Өскемен құрылыс" компаниясының директоры Ержан Ысқықовқа алғысын білдірді.
Сонымен қатар облыс әкімі биыл көктемде мешіт ғимаратының астындағы көлік тұрағының төбесінен ағып жатқан суды тоқтату үшін жөндеу жұмысы басталатынын айтты.
Облыс әкімі бақылауға алған тағы бір мәселе – мешіттің жанынан 50-60 орындық медресе салу болатын. Даниал Ахметов қалалық әкімдікке медресе ғимаратына мешіттің жанынан жер бөлуді тапсырды.
Өкіл имам облыс басшысына ризашылық білдірді.