Ал, кейіпкеріміз Нұрбибі Бисенбаева шөп оратын қызметкерлердің арасындағы жалғыз әйел.
"Жұмысымнан ұялмаймын, керісінше ләззат аламын" деген еңбек адамы inbusiness.kz тілшісіне жұмыс барысын айтып берді.
"Қызылорда тазалығы" мекемесінде шөп орушы болып жұмыс істейтін ол шөп оруды ешкім үйретпегенін жеткізді.
"2013 жылдан бері осы "Қызылорда тазалығы" мекемесінде қызмет етіп келемін. Жұмысқа келген күннен бастап, шөп оратын аппаратты өз міндетіме алдым. Бір қызығы, бұл аппаратпен жұмыс істеуді телефоннан қарап үйреніп алдым. Қазір аппаратпен жұмыс істеп ғана қоймай, оны жөндеп, қайта жұмысқа жарамды етіп даярлай аламын. Бір топ шөп оратын қызметкер болсақ, соның ішінде жалғыз әйел заты – өзім", - дейді ол.
Тазалықшы әуелде күн тәртібі туралы сөз қозғап, содан кейін жалақысына да көңілі толатынын айта кетті.
"Өз жұмысымнан ұялмаймын. Керісінше, ләззат аламын. Таң азанымен ерте тұрып, өзімізге қозғалыс тудырып, тазалық жасауға кірісеміз. Шөп орған кезде ұқыптылық пен талғам керек. Таңғы сағат 7:30-8:00 аралығында тазалықты бастап, 11:00-де түскі үзіліске үйге қайтамыз. Түскі 14:00-де жұмысқа қайта қосылып, 17:00-де біркүндік жұмысымыз аяқталады. Жалақымыз да жақсы, бастысы еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп келеді", - деп сөзін жалғастырды ол.
Кейіпкеріміз екі қолға бір күрек таппай жүргендерге таңғалады. Кейде тазалықшыларды кемсітіп қарайтындар да табылатынын айтып отыр. Көпшілікті есіл еңбек етуге, адал ақы табуға шақырады.
"Еңбектеніп, тер төгіп тапқан нан тәтті ғой. Тапқан нәпақаның берекелі болуы осы есіл еңбек пен төгілген терде жатыр. Адам – адамға үлгі. Заман баяғыдай емес, дегенмен, мұндай жұмысты да біреу істеу керек қой. Сондықтан, жастарды бейнеті көп тірліктен қашпауға шақырар едім. Біріншіден, мұндай жұмыстарға ел куә, екіншіден, өз қалаңның таза болуына тікелей үлес қоса аласың, үшіншіден, бұл жұмыс денсаулыққа зиян емес, керісінше қимыл-қозғалыс денсаулыққа сондай пайдалы. Оны түсінгендер ғана сөзімнен құндылық таба алады. Ал түсінбегендер бұл жұмысты кемсітіп қарауы да мүмкін. Бастысы – ниет пен адал еңбек. Қалғаны орнымен бола береді. Қазіргі жастарды жалқау дей де алмаймыз. Еңбек – солардікі. Тек кейбіреуіне көзді ашып, түсінік қалыптастыру керек", - деп білгенімен бөлісті Нұрбике Бисенбаева.