Шығыс Қазақстан облысындағы Шуақ кентінің тұрғындары өңірдегі қылмыстық-түзеу жүйесі мекемелерінің таратылуына байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Total.kz.
Кентте жалпы тәртіптегі үш түзету мекемесі жұмыс істейді: ОВ-156/17 (лимит – 680, сотталғандар – 275 адам), ОВ-156/18 (лимит – 805, сотталғандар – 487), ОВ-156/21 (әйелдер колониясы, лимит – 345, сотталғандар – 182).
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменовтың 2019 жылғы 19 наурыздағы ШҚО ҚАЖД-ға, облыстық әкімдік пен прокуратураға жолдаған хатында белгілі болғандай, аталған мекемелер 1996 жылы бұрынғы әскери бөлімнің базасында құрылған. Қамаудағыларға 431 қылмыстық-түзету жүйесінің қызметкері және ҚР Ұлттық ұланының 413 әскери қызметшісі қызмет көрсетеді.
Вице-министр Сүлейменовтың айтуынша мекемелерді жабуға қазандықтың ескіруі себеп болып отыр.
"Бас бостандығынан айырылғандардың санын қысқартудың тұрақты үрдісін және мекемелердің инженерлік-техникалық жағдайын ескере отырып, Министрлік оларды таратуды орынды деп санайды", – делінген Жанат Сүлейменовтің хатында.
Шуақ кентінің тұрғындары ескі қазандыққа жыл сайын жөндеуді жұмыстары керек болатынын растап отыр. Алайда, олар мұнда бір кездері жаңа қазандықтың құрылысы қолға алынғанын еске салды. Нысанның сметалық құны 2,5 миллиард теңгені құраған.
Қазандықтың құрылысы басталған жылдары өңірді Бердібек Сапарбаев басқарған болатын. Оның өтініші бойынша құрылысқа республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, нысанды пайдалануға беру 2013 жылға жоспарланады. Алайда, қазандық аталған мерзімде іске қосылған жоқ. Ал 2014 жылдың қараша айында Бердібек Сапарбаевтың орнына Даниал Ахметов ауысып келеді.
Сол күйі іске қосылмаған қазандықтың құрылысын "Алматы құрылыс-монтаж кәсіпорны" ЖШС қолға алған болатын. Кәсіпорын директоры ШҚО Жарма ауданының тумасы Владимир Ахмадиев еді. Ол 2016 жылы Беларусьтен экстрадицияланып, қазандық құрылысына бөлінген 310 738 014 теңге бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталады.
Жергілікті тұрғындардың мәліметтеріне сәйкес, Шуақ кентінде түзету мекемелерінен басқа, оларға қарасты кешкі мектеп пен кәсіптік-техникалық училище, "Еңбек-Өскемен" РМК, №236 орта мектеп, "Бастау" балабақшасы, фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді.
Қазіргі таңда, өздерінің айтуынша, Шуақ кентінің барлық тұрғындары колониялардың арқасында күнін көріп отыр. Түзету мекемелерінен бөлек кент үйлерін де жылытып тұрған қазандықтың жұмысын тоқтатып, Ішкі істер вице-министрінің хатына сәйкес сотталғандарды Шығыс Қазақстан және көрші облыстардың түзету мекемелеріне таратып жіберсе, Шуақ кентінің халқы жұмыссыз қалмақ.
Кент тұрғындары ШҚО әкімі Даниал Ахметовке және Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов пен Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусинге бірнеше рет хат жолдаған болатын. Алайда, әзірге олар өз өтініштеріне жауап алған жоқ. Қазіргі таңда кенттегі әлеуметтік шиеленіс артуда.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың қараша айында Қазақстан ІІМ басшысы қызметін атқарған Қалмұханбет Қасымов елдегі түрме "тұрғындарының" азайғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен екі жылда 7 түзету мекемесі жабылған. Сондай-ақ 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы төрт колонияны жабу жоспарланған.