Шымкентте жиһазда қолданылатын жылтыр тақталар шығатын зауыт іске қосылды

1043

Шымкентте жиһазда қолданылатын жылтыр тақталар шығатын зауыт іске қосылды

Оңтүстік  Қазақстан облысы "Тассай" индустриялды аймағында Қазақстанда баламасы жоқ "Мега Смарт" зауыты іске қосылды. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған зауыт жиһазда  қолданылатын  жылтыр тақталарды дайындаумен  айналасатын  болады.

Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып,  өңір экономикасын әртараптандыру және өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдайлар жасалып отырғандығын жеткізді. 

"Оның дәлелі ретінде облысымыздың аудан, қалаларында құрылған индустриялық аймақтарды айтуға болады. Қазіргі таңда "Тассай" индустриалды аймағының жалпы аумағы 89 гектарды құрайды. Жалпы бұл аймақ құрылысына ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінді.  Мұнда бүгінде  24 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Егер жобалар толығымен іске қосылса  1500-ге жуық жұмыс орны ашылады.  "Мега Смарт" зауыты осы жобалардың бірі.  Іске қосылған кәсіпорынның  өндірісі өрістеп, өнімі заман сұранысына сай бола берсін!", – деді  аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.

"Біздегі құрал-жабдықтардың барлығы Оңтүстік Кореядан әкелінген. Сапасы өте жоғары.  Зауытта жылына   72 мың МДФ панелдері  мен 5 мың  жұп жиынтық жиһаз құрастыруға мүмкіндік бар", - дейді "Мега Смарт"  ЖШС директоры  Сергей Хегай.

Құрылысы  2015  жылдың  наурызында басталған зауыттың жалпы құны - 545 млн. теңгені құрапты. Кәсіпкер 245 млн. теңгені өз қалтасынан шығарса,  300 млн.  теңгені  "Даму кепілдік"  кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламасына  сай несиеге алыпты.

"Зауытымыздың дайын өніміне Қазақстанда сұраныс өте жоғары.  Кәсіпорын өнімінің 60%-ы ішкі нарыққа шығарылса, 30%-ы шет елдерге  экспортталады", – дейді зауыт директоры.

Кәсіпорын басшылығы өндірілген өнімді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей елдеріне  экспорттауды  көздеп отыр екен. Қазірдің өзінде  бірқатар елдермен  уағдаластық  жөнінде келісім-шарт жасалынып қойыпты.   Ал, Ресей елімен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

 Сондай-ақ зауыттың қазіргі таңда Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларында арнайы өкілдіктері құрылыпты. Зауыт басшылығы алдағы уақытта еліміздің 16 облысында өкілдіктерін ашуды жоспарға қойған. Бұл өз кезегінде сұраныстың артып, өнім көлемінің ұлғаюына септігін тигізбек.

Бүгінде кәсіпорында 69 адам жұмыспен қамтылған.  Жалақылары да жоғары екен.

"Жұмысымыз жақсы. Қондырғыларымыздың сапасы мен қуаттылығында мін жоқ.  Енді тек   жүйелі жұмыс істеп, сұранысты қанағаттандыру қажет", – дейді  оператор  Қанат Қоштанов.   

Айта кетейік,  "Тассай" индустриалды аймағы фармацевтика, машина жасау және жиһаз индустриясы секілді  салалардың кластерлік дамуына бағытталған.

Жалпы, оңтүстік өңірінде аумағы 959 гектарды құрайтын 11 индустриалды аймақ бар. Оның бүгінде жетеуі іске қосылса, төртеуінің құрылысы аяқтауға жақын. Онда бас-аяғы  83 жоба жоспарланса, соның 41-і іске қосылыпты. Бұл мақсатқа 78 млрд. теңгеге жуық жеке инвестиция тартылыпты. Ал бағытталған бюджеттік қаржының көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу