Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елдегі есірткі ахуалына қатысты баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, бұл өзімізде өсетін канабис шикізатының болуы, солтүстік бағыт бойынша ауған героинінің трафигі, синтетикалық препараттардың таратылуы сияқты үш негізгі факторға байланысты.
"Оңтүстік өңірлерімізде ірі көліктік-логистикалық тораптарда орналасқан. Атап айтқанда, Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары. Биыл аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханалардың негізгі бөлігі анықталды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі зертханасы жойылып, 10 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Тиісінше тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл шамамен 3 млн бір реттік доза", - деді ведомство өкілі.
Жыл басынан бері, нақты айтқанда алғашқы 4 айда 2 729 есірткіге қатысты құқық бұзушылық, оның ішінде 1 117 қылмыс әшкереленді.
"734 есірткі сату фактісі, 179 ірі көлемде есірткі сақтау фактісі анықталды. Есірткі бизнесі саласында ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басшылық жасаған үшін 11 қылмыстық іс қозғалды. 2 мың тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 234 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Соңғы 5 жылда тұтынуға дайын синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт артты", - деді ол Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.
Оның сөзінше, есірткі бүкіл ел бойынша таралып жатыр. Әсіресе, облыс орталықтары мен мегаполистерде осындай жағдайлар жиі кездеседі.
Марат Қожаев 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін синтетика кең ауқымдағы сипат алғанын жеткізді.