Сириядан оралған әйелдердің 95 пайызы радикалды діни сенімнен толық бас тартты

1143

Сириядан оралған әйелдердің 95 пайызы радикалды діни сенімнен толық бас тартты

"Жусан" операциясымен елге жеткізілген әйелдердің көбі радикалды діни сенімнен толық бас тартқан. Бұл туралы толығырақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Біз – көп конфессиялы мемлекетпіз. Елімізде 18 діни бағытта 3 848 бірлестік ресми тіркелген. Министрлік өз құзыреті шегінде олардың әрбірімен тығыз жұмыс істеп келеді. Десе де, халқымызда: "Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің" деген сөз бар. Оның шынайы мәнін біз, әсіресе, жастарға жеткізуге тырысамыз", - деді Аида Балаева.

Министр бұл ретте, негізгі үш бағытты атап өтті. Бірінші – интернеттегі діни экстремизм идеологиясына қарсы күрес. Екінші бағыт – нақты мақсатты топтармен ақпараттық-түсіндіру жүргізу, үшінші бағыт – жат діни ағым құрбандарын оңалту жұмыстары. 

"Радикалды діни ағымдар идеологиясы негізінен интернет ресурстар арқылы таралатыны белгілі. Бұл ретте, экстремистік діни ақпараттың алдын алу мақсатында интернет желілеріне ұдайы мониторинг жүргізіледі. Былтыр осындай 73 мың деструктивті материал бұғатталып, БАҚ мен әлеуметтік желілер арқылы 80 мыңнан астам діни ағарту жұмыстары жарияланды", - деп атап өтті министр.

Министр атап өткендей, радикалды діни ағым құрбандарын оңалту – ұзақ мерзімді жұмыс. Бұл психологиялық, заңды-құқықтық, әлеуметтік, медициналық кешенді көмекті қажет етеді.  Соның ішінде психологтардың, теологтар мен имамдардың кәсіби білігіне қойылатын талап өте жоғары. Бұл орайда, еліміздің барлық өңірінде "Ақниет" оңалту Орталығының филиалдары жұмыс істейді. Соның ішінде, әсіресе "Жусан" операциясымен елге жеткізілген әйелдер мен балаларды оңалту – ең басты назарда. 

"Жүйелі де сапалы жұмыстар нәтижесінде бүгінге дейін, елге оралған әйелдердің 95 пайызы радикалды діни сенімнен толық бас тартты. Түптеп келгенде, елімізде діни ахуал тұрақты, жат діни ағымдардың алдын алу мен оның құрбандарын оңалту жұмыстары жүйелі жолға қойылған", - деп түйді министр.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу