Солтүстік Қазақстанда 28 ауылдық округ тараудың алдында тұр

452

Қолда бар жерінен айрылып, 2 жарым жылдан бері инвестордан үлесін ала алмай жүрген аймақ тұрғындары осылай деп дабыл қағады.

Солтүстік Қазақстанда 28 ауылдық округ тараудың алдында тұр

Олар бүгін Елордаға келіп, пайшылардың жерін талан-таражға салған кәсіпкерлермен кеңес өткізді. Жерімізді қайтарып, инвесторды өзіміз таңдауға мүмкіндік берсін деген талаптары бар. Тараптардың тартысында мәселеге қазіргі Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллиннің де қатысы бары айтылды.

Көпшіліктің алдында қызылкеңірдек болған Қуанбек Даниев 125 гектар жері уыстан шығып кете ме,- деп алаңдайды. Солтүстіктегі Новоседовка ауылының тұрғыны 2008 жылдан бері 11 жыл бойы алаңсыз тиісті пайын алып келген. Сол кезеңде жерге егін салған "Әліби-АгроХолдинг" 2019 жылы банкрот болады. Дау осы сәтте басталыпты.

"Әуелде бәрі жақсы сияқты болды. 2008 жылы біздің жерімізді жалған жиналыс хаттамасы арқылы кепілге қойғанын кейін білдік. Бұл 2019 жылы. Біз содан жан-жаққа жүгіре бастадық. Сотқа, прокуратураға жүгіндік. Басында олар уақыт өтіп кетті деп арызымызды қабылдамады. Апелляцияға беріп жүріп, прокуратураның өтініш беруге құқы бар деген шешіміне қол жеткіздік. Енді 15 қырқүйекте сот болады. Құзырлылар бізді қолдайды деп сенеміз", - дейді СҚО Новоседовка ауылының тұрғыны Қуанбек Даниев.

Ауыл тұрғындарының басты мақсаты жерді қайтарып алу. Олардан бөлек елді-мекеннің жеріне көз тігіп отырған 2 бірдей инвестор бар. Алғашқысы "Арай" компаниясы. Олар 2021 жылы ауылға қаржы құйған. Алайда екінші жылы қазіргі Мәжіліс депутаты Аян Зейнулиннің әкесі Талғат Зейнуллин жолымызды кесті,- деп отыр. Депутаттың атынан келіп, қоқан-лоққы көрсеткендерде болған көрінеді. "Салдарынан ауыл тұрғындарына пай бере алмай, өзіміз шығынға баттық", - дейді кәсіпкер. Ал заңгер Мұратбек Ахметов "Арай" секілді бірнеше заңды тұлғалар мен тұрғындардың талабын арқалап, әділдікке жете алмай жүргенін айтады.

"Тартыс акционерлердің арасында жүріп жатыр. Зардабын халық тартады. Жердің бәрі кепілге кеткен. Істі зерттеу барысында "AiZet Farms" компаниясының пай иелеріне үлесті алалап беретінін білдік. Олар ауыл шаруашылығындағы кездейсоқ адамдар. Олар жұмыс істей алмайды. Өтелмей тұрған қыруар қарыздары сөзімізге дәлел", - деді заңгер Мұратбек Ахметов.

Заңгер "AiZet Farms" компаниясын мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған деп те айыптады. Компания бұл қарыздарды жоғарыда аты аталған депутат Аян Зейнуллиннің кезінде алды,- деп отыр.

"Арай астық групп" сотта жеңіледі. Сондықтан суға кеткен тал қармайды дегендей шындыққа жанаспайтын мәліметтерді айтып, мәселені ушықтырып жатыр. Ал Мұратбек Ахметов бізбен 2,5 жылдан астам уақыт бойы сот ісін жүргізіп келеді. Ол барлық инстанцияларға бірдей мәтінде шағымдар жазады. AiZet Farms-тың лауазымды тұлғалары бюджет ақшасын ұрлап жатыр,- деп. Егер оның қандай да бір дәлелі болса, құқық қорғау органдары әлдеқашан бізді жауапқа тартқан болар еді", - дейді "AiZet Farms” ЖШС компаниялар тобының өкілі Бекет Қасенов.

Мәселеде жиі аты аталған Аян Зейнуллинге де хабарластық. "Ауыл" партиясынан депутаттық мандатқа ие болған мәжілісмен барлығын жоққа шығарып отыр.

"Осыдан 3 ай бұрын осы мәселемен партияда жиналдық. Солар жақтан 15-20 адам келді. Бәрі видеода бар. Партия аппараты отырды. 3-4 Мәжіліс депутаты болды. Олар айтқан сөздерінің бір-бірін дәлелдей алмады", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин.

Халықтың үлесін "АгроХолдинг Алиби" алып, банкрот болды. Компания холдингтің банк алдындағы проблемалық несиесін сатып алды. Сондықтан "AiZet Farms"-ты басқарған тұсымда пай иелеріне қарыз болмадық,- деп нақты айта аламын деп қорытты депутат. Шиеленісті мәселенің немен аяқталары 15 қырқүйектегі сот отырысынан кейін белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу