Соңғы қоңырау: 1 маусымға қайта келеміз

851

Елімізде оқу жылының аяқталар күніне қатысты дау әлі басылар емес.

Соңғы қоңырау: 1 маусымға қайта келеміз

Министрліктегілер бір тоқтамға келе алмай жатқан сияқты. Сөздеріне қарағанда, 2025 жылдан бастап ұзартылған оқуға қайта көшуі ғажап емес. Эксперимент жасаудан жалықпайтын біздің шенділердің әрекетін сарапшылардың бір тобы даттап жатса, енді бірі асығыс шешім қабылдамаған дұрыс,- дейді. Сонымен, жаңа оқу жылы қашан аяқталады? 36 апталық оқу ұзақтығына қайта ораламыз ба?

Соңғы қоңырауға келгенде шешім шығару министрге оңай болмай, әбден бас қатырғанға ұқсайды. Осыған дейін бірнеше рет "сарапшылар  оқушылардың 36 апта оқуын дұрыс санайды" деп келді де, оқу жылының басталуына 1 апта қалғанда 25 мамырды қайтарғандарын мәлімдеді.

"Бұл әлемдік тәжірибе екендігін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ, асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін", - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Ата-ана мен оқушылар бұл жаңалықты қуана қабылдағанымен, сарапшылардың 34 апталық оқуға қатысты пікірі екіге жарылды. Аятжан Ахметжанұлы фб-дағы парақшасына бұл шешіммен келіспейтінін ашық жазды. Сөзінше, министрліктің бұл шешімі таза популистік.

"Иә, біздің жұртқа осындай шешім ұнайды. Осындай шешімдер болса шапалақтап қол соғады. Бірақ... Баяғыда мектеп 6 күндік оқудан 5 күндік оқуға көшті. Бір жылда 34 оқу күні қысқарды. Бірақ, балалардың білім алуға тиісті 34 күні қайда кетті деп ешкім шулаған жоқ. Балалар жылына 181-182 күн сабағын 147-148 күн оқитын болды. Бірақ, балаға түсетін салмақты қалай шешуді ешкім де ойлаған жоқ".

Ал, кей сарапшылар 1 маусымға дейін білім алуға оқушы да, мұғалім де, тіпті мектеп те дайын емес екенін айтады. Олардың пікірінше, ұзартылған аптаға көшуге асықпаған жөн.

"2025 жыл да асығыстық болуы мүмкін. Себебі, бұл мәселеде асықпау керек. Біздің Қазақстан білім ордаларында бір аудиторияда 40 бала отырған аудиторияда 1 июньге дейін сабақ өткізу өте ауыр. Астананың өзінде 10-нан аса үш ауысымда оқитын мектеп бар. Ол мектептер қандай жағдайға түсуі мүмкін ұзақ болған жағдайда, сондықтан мұны түбегейлі зерттеу, бағдарлау, мүмкін мұны эксперимент ретінде кейбір мектептерге барып, нәтижесін көргеннен кейін енгізу керек қой деген ойлаймын", - дейді әдіскер Баянғали Ғалымжанов.

Бұл ретте психологтар да асығыс шешім қабылдауға кеңес бермейді. Өткен жылы кітапты ерте тапсырып, қайта алып, абыр-сабыр болған оқушыларға бұл шешім қатты соққы болыпты. Тіпті, түсіндіру жұмыстары да дұрыс жүргізілмей, психологиялық тұрғыдан ауруға шалдыққан. 

"Менің қабылдауымда оқуды аяқтап жатқанда кішкентай балалар болды. Пандемияның кезіндегі ала алмаған білімді 2 апта оқып, толықтырамыз деген түсінік болған кейбір жерлерде. Сондықтан да осы нәрсені алған кезде, пандемиядағы қорқынышы есіне түседі біріншіден, екіншіден пандемия кезіндегі үйде ата-анамен сабақ оқыған стресс жағдайы қайтадан қайталана ма деп депрессияға түседі. Ар жағы невроз ғой, соны байқадым. Өйткені, тырнақ тістеу көбейген. Бала сенімсіздігі артқан, және білімге деген құштарлығы төмендеген", - дейді отбасылық психолог Айман Ахметова.  

Біздікілер қаласа шетелдікіндей етіп, қаламаса ескісін қайтарып ойларына келгенін жасап жүргенде екі оттың ортасында осылайша бала күйеді. Не де болса, көптің ыңғайына емес, зерттеуге сүйенген шешім қабылданса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу