Америкалық миллиардер Илон Масктың SpaceX деп аталатын компаниясы Falcon 9 зымыран тасығышын Түркияның Turksat 5A байланыс спутнигімен қосып ғарышқа ұшырды. Falcon 9 зымыраны Флорида штатындағы Кейп Канавералдағы ғарыш айлағынан аттандырылды.
Жерсерік 2021 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады. Бұл –орбитадағы төртінші түрік спутнигі. Салмағы 3,5 тоннадай ғарыш аппараты сандық теледидар мен кең жолақты интернет қызметтерін қамтамасыз етуге арналған. Ол сонымен қатар Түркияның азаматтық және әскери саласында қолданылмақ.
Turksat 5A – бесінші буындағы байланыс жерсерігі. Ол Ku-диапазонды транспондерлермен жабдықталған, олар сигналдарды секундына 50 гигабит жылдамдықпен жерге жібере алады.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың желтоқсанында SpaceX Falcon 9 зымыран тасығышын АҚШ-тың әскери-ғарыштық барлау Ұлттық басқармасының NROL-108 деп аталатын ғарыш аппаратымен қосып ұшырған болатын.
Табиғат Нұрболат
Фото: squidnews.net