Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спортты дамыту мәселелеріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ", - деді халық қалаулысы.
Депутат 2021 жылы Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарын мысалға келтірді. Ол кезде ел құрамасы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-орынға тұрақтаған болатын.
"Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды қосыңыз. Екіншіден, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не үшін бюджеттен ақша бөліп отыр?", - деп атап өтті ол.
Нартай Сәрсенғалиевтың сөзінше, ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған.
Мәжілісмен министрлік бекіткен 180 спорт түрін қысқартуды, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеуді ұсынып отыр. Ол мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдолимпиадалық спорт түрлері қалуы тиіс екенін жеткізді.
"Легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын спорттық клубтар демеушілердің есебінен төлесін. Жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Спорт саласына "мониторинг" деген түсінік енгізу керек. Бұл ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек", - деп қорытындылады депутат.