Субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқандардың жалақысы қандай болады?

767

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және оларға орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын әзірледі.

Субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқандардың жалақысы қандай болады? Фото: nur.kz

Тиісті құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп жазады inbusiness.kz. 

Мансаптық орталықтар жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын құрады. Оларға қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, "Алғашқы жұмыс орны" жобасы, "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары кіреді.

Құжатта субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан адамдардың еңбек қызметінің кезеңі еңбек өтілі болып есептелетіні көрсетілген.

"Субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан адамдардың жалақысының немесе субсидияның ай сайынғы мөлшерін экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган белгілейді:

- қоғамдық жұмыстарға орналасқан адамдар үшін – 20 АЕК-тен төмен емес;

- әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандарға – жалақы мөлшерінің 35%-ын құрайды, 20 АЕК-тен аспайды;

- жастар практикасы – кемінде 30 АЕК;

- "Алғашқы жұмыс орны" жобасы – кемінде 30 АЕК;

- "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы – кемінде 30 АЕК", - делінген құжатта. 

Ал, "Күміс жас" жобасының аясында жұмыс орындарына орналасқан адамдарға:

- алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%-ын құрайды, 30 АЕК-тен аспайды;

- 13 айдан бастап екі жылға дейін жалақы мөлшерінің 65%-ын құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

- Екі жылдан үш жылға дейін жалақы мөлшерінің 60%-ын құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.

"Мүгедектігі бар адамдар үшін үкіметтік емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау мөлшерін жыл сайын өңірлік комиссиялар белгілейді. Орындалатын жұмыстың күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді", - деп жазылған құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу