Сыртқы қарыз әр қазақстандыққа 3,3 миллион теңгеден келеді

911

Ұлттық банк 2018 жылғы 4-ші тоқсандағы елдің сыртқы борышындағы өзгерістерге қатысты мәліметтерді жариялады.

Сыртқы қарыз әр қазақстандыққа 3,3 миллион теңгеден келеді

Ел үкіметі өзіне қарасты ұлттық компаниялар мен ұйымдардың сыртқы қарыздарынан белсенді құтылуға кірісті. Бұл туралы ұлттық банктің Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты есебінде айтылған.

"Талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымында мемлекет бақылайтын ұйымдардың, яғни мемлекеттік сектор капиталына 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктердің, компаниялардың, кәсіпорындардың және басқа да ұйымдардың сыртқы борышы жеке бөлініп қарастырылуда. Олардың сыртқы қарызы өткен жылдың соңында 1,2 миллиард долларға азайып, 2019 жылғы 1 қаңтарда 22,8 млрд АҚШ долларын құрады", – деп хабарлайды қаржылық реттеуші.

Сонымен, 2019 жылы Қазақстанның сыртқы борышы 158,8 миллиард долларды құрап отыр. Яғни, әрбір қазақстандыққа шаққанда 8 мың 800 доллардан немесе 3,3 миллионнан келеді.

Еліміздің сыртқы қарызы мемлекеттің ІЖӨ-сінің 93,1%-ына бара-бар. Бірақ бұл ретте 2018 жылдың басынан бері 9,5%-ға жақсарыпты.

Рас, 160 миллиардтай бұл қаражаттың барлығы бірдей мемлекеттің алған қарызы емес, оның арасында елімізде тіркелген компаниялардың шетелден тартқан борышы мен несиесі де есептеледі.

"Сыртқы борыш құрылымының 63,6%-ы бұрынғысынша фирмааралық берешек, тағы 25%-ы отандық секторлардың өзара байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы болып табылады. Тек 7,8%-ын мемлекеттік сыртқы борышқа (яғни үкімет пен ұлттық банктің алғаны), 3,6% - банктердің сыртқы міндеттемелеріне (оның ішінде мемлекеттік "Қазақстанның даму банкі" және екінші деңгейлі банктер бар) тиесілі", – деп түсіндірді ұлттық банк.

2018 жылғы 4-ші тоқсанда экономиканың банктік емес секторы да сыртқы қарыздарын біршама жапқан, нәтижесінде олардың міндеттемелерінің азаюы есебінен елдің сыртқы борышы 2,5 млрд АҚШ долларына қысқарды.

Мемлекеттік сыртқы борыш жалпы сомасы 1,05 млрд еуроны құрайтын 5 және 10 жылдық тәуелсіз еурооблигациялардың екі траншын шығару есебінен 899,1 млн АҚШ долларына өсті.

Басқа секторлардың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы 1,6 млрд АҚШ долларына азайды, ол, негізінен, қарыздарды өтеу есебінен, оның ішінде ERG тобы кәсіпорындарының міндеттемелерін қайта қаржыландыру (963 млн долларға азайтты), "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының "Сбербанк России" ПАО алдындағы 371 млн доллар қарызын және "Қазтеміртранс" АҚ-тың ЕҚДБ алдындағы қарыздарын өтеу есебінен орын алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу