Эстония үкіметі 2018 жылы атап өтілетін мемлекетінің 100 жылдығы қарсаңында Ресеймен шекаралас әрі негізінен орыс тілді Нарва қаласына жүз эстонды көшірмекші.
"Жергілікті халықты мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырудың басқа ешбір амалы қалмады", – деді Эстонияның білім және ғылым министрі Майлис Репс жұма күні "Ээсти Пяевалехт" газетіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қалада эстон тілінде сөйлейтіндер 2%-дан аспайды. Барлығы орыс тілінде тілдеседі. Тіпті эстон тілін үйренгісі келіп, арнайы курстарға барып жүргендердің өзі тілдік орта болмағандықтан, үйренгенін тез ұмытады, деп атады министр.
Билік мәселені шешу үшін үлгі көрсетіп, эстон тілінің таралуына ықпал ететін сөйлеушілердің санын арттыру қажет деп санайды.
Министрдің пайымдауынша, Нарваға бірқатар мемлекеттік және мәдени мекемені көшіру "аймаққа жаңа қан мен өзгеше сана" әкелер еді. 2016 жылдың соңында билік басына келген қазіргі үкімет Нарвада Эстон тілі үйін ашпақ ойын да білдірген болатын. Мұнда "Еркін сахна" театр орталығын ашумен қатар, ішкі істер академиясын, интеграциялық қорды көшіру, эстон мемлекеттік гимназиясын ашу көзделіп отыр.
"Егер эстон тілінде сөйлесетін жер, мүмкіндік пен адамдар пайда болатын болса, тіл жағдайы жақсаруға тиіс", – деген сенімде министр.
М.Репс 60 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы "эстондандырады" деген адамдарды көшіруге байланысты материалдық мәселелерді шешуге мемлекеттің шамасы жетпейтінін де атап өтті.