Тәуелсіздік кезеңінде үкіметтік емес ұйымдар саны 22 мыңға жетті

1171

Қазақстан Орта Азияда үкіметтік емес ұйымдар ең көп тіркелген ел. 

Тәуелсіздік кезеңінде үкіметтік емес ұйымдар саны 22 мыңға жетті

Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері туралы брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz

"Орта Азияда үкіметтік емес ұйымдар ең көп тіркелген ел Қазақстан. Тәуелсіздік жылдары олардың саны 100-ден 22 мыңға дейін артты. Оның 5 мыңнан астамы әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде мемлекетке сенімді серіктес болып отыр. Сондықтан осындай ұйымдарды қолдап, көтермелеп отыру керек", - деді вице-министр.

Бұл бағытта министрлік қандай жұмыс атқарды? Болат Тілеповтың айтуынша өткен жылдың соңында алдағы 10 жылға арналған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы мен оған тиісті іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол 2 кезеңнен тұратын көптеген шараларды біріктіретін өте ауқымды құжат. 

"Сондықтан олардың ішінде жуырда қолға алынатын негізгі 3 бағытты атап өтейін. Биылдан бастап елімізде жұмыс істеп жатқан 237 және оған қосымша құрылатын 13 қоғамдық кеңестің өкілетін арттыратын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ қоғамдық кеңестер құрамының кем дегенде 70%-ы үкіметтік емес ұйым мүшелерінен тұратын болады. Яғни бұл көрсеткіш 90%-ды құрауы мүмкін. Мәселен біздің министрлікте бұл көрсеткіш 99%-ды құрайды. Сонымен қатар жыл сайын Мемлекет басшысына қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы Ұлттық баяндама жасалатын болады. Бұған қоса азаматтық ұйымдарды барынша қолдау, белсенділігін арттыру үшін заңға қайшы келмейтін әр түрлі механизмдер қарастырылған. Атап айтқанда волонтерлікті дамыту. Мысалы, пандемия кезінде елімізде еріктілер саны 3 есе артып, 200 мыңға жетті", - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу