Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау мақсатында қолға алынған нобайлы жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды ӘМСҚ-ның жұртшылықпен байланыс департаменті.
Өткен жылдың соңында денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен "СҚ-Фармация" ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын. 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді. Барлығы 191 мың SMS жіберілген. Хабарламада рецепт нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде "0" цифрын жолдау немесе "СҚ-Фармация" ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын.
SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, қорға 2 881 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 441 пациенттің дәрі-дәрмек алмағаны белгілі болды. Тағы 32 адам диспансерлік есепте тұрмайды және ешқашан тегін дәрі алмаған болса, 10 адамға дәрі-дәрмек ішінара берілген.
Дәрі-дәрмек қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Атырау, Қызылорда, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары жолдаған.
Сондай-ақ, бұл мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында – Шығыс Қазақстан облысындағы Защита темір жол ауруханасы, Өскемен қаласындағы №1 және №2 емханалар, Қарағанды қаласындағы №1 емхана, Түркістан облысы Келес аудандық "Абай" ауруханасы, Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухана мен №23 емхана, Астанадағы "Шипагер" отбасылық денсаулық орталығы бар.
Естеріңізге сала кетсек, медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Яғни, қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және "Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету" ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті.
"SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды", – деп түсіндірді қордың басқарма төрағасының м.а. Ботагөз Жақселекова.