Тоғандар құрылысына қаржы қажет

829

Жамбыл жерінде ағын судың жетіспеушілігі өзектілігін жойған емес. Сондықтан шаруалар жерасты суларын егіншілікке пайдалану жолдары қарастырылса дейді. 

Тоғандар құрылысына қаржы қажет Фото: google.com

Мәселен, Меркі ауданында Андас-1, Андас-2, Андас-3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының сметалық жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Енді оны салуға қаржы керек.

Егер тоған салынса, оның толық сыйымдылығы 1,1 млн/м3 құрамақ. Үш тоғанмен суару аумағы 980 гектарға жетеді екен.

Шаруа қожалық басшылары суарылатын алқапта судың жетіспеушілігінен зардап шегетінін айтады. Ағын судың да сұрауы бар. Көрші елге тәуелділік бар. Ал жерасты суларын пайдалануға не кедергі?

Шыны керек, шаруашылық басшылары жерасты суларын егіншілікке пайдалану мақсатында дайындаған жобалау-сметалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптамаға ұсынған. Бірақ көпшілігі оның қорытындысын ала алмай отыр. Себебі кеңес одағы кезінде дайындалған жерасты су қоры анықтамалығының пайдалану уақыты 25 жылдан асып кеткен. Ал мұндай жағдайда уәкілетті органдар тиісті деректерді бере алмайды екен.

Шаруалар осы мәселе бойынша Сенат депутаты Абдалы Нұралиевке өтініш те айтқан.

"Мемлекеттік сараптамаға ұсынуға қол байлау болып отырған жерасты су қорының анықтамалығын тиісті уәкілетті органдардың қамтамасыз ететін бір жолын қарастыру керек. Үкіметке осы бойынша нақты тапсырма беруді ұсынамын. Жамбыл облысы Мерке ауданындағы Андас-1,2,3 маусымдық реттеу құймалы тоғандарының құрылысына қажетті 1 782 937 мың теңге қаржы қарастыруды сұраймыз", – дейді Абдалы Тоқбергенұлы.

Ғалымдар жүргізген зерттеулерге сүйенсек, 2040 жылға қарай елімізде су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Қазақстанның жер асты суының картасында еліміздің оңтүстік, сондай-ақ солтүстік және шығыс облыстарында орналасқан жер асты суының қоры анықталған. Ал оны суармалы егіншілікте пайдалану қарастырылмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу