БҰҰ жанындағы халықаралық қоғамдық қауіпсіздік агенттігінің (AIAPS) ғаламтор қауіпсіздігі жөніндегі вице-президенті, "Сухба" АҚ президенті Тохир Тухтаров Қазақстанда ақпараттарды сүзгіден өткізіп, зияндысына тұсау салатын жобаны жүзеге асыратын өкілдік ашпақ, деп хабарлайды aikyn.kz.
Бұл жоба әлеуметтік желі, браузер, мессенджер, электронды пошта, іздестіру жүйесі, тауар сату алаңшасы сияқты қазіргі ғаламтор кеңістігінің құрамдас бөліктерін біріктіретін "Сухба" атты ақпараттық технологиялар (IT) платформасы. Тохир Тухтаротың айтуынша, "Сухба" араб тілінен алғанда "қоғамдастық", "достық" дегенді білдіреді. Яғни, аталған интернет-жоба - ғаламтордағы бір жынысты неке, ұлтшылдық, зорлық-зомбылық, терроризм, есірткі және басқа да зиянды нәрселерді насихаттайтын ақпараттарға тосқауыл болып, ондағы қауіпсіздікті қадағалап, бұрыннан сақталып келе жатқан адами нормалар мен құндылықтарды сақтауға негізделген контент. Соның негізінде енді Қазақстанда "Сухба" компаниясының өкілдігін ашу жоспарланып отыр.
Оның айтуынша, жобаның қаржылық жағын әр елдегі ірі инвесторлар қамтамасыз етуде. Оның ішінде, БАӘ, Қазақстан, Ресейдің инвесторлары бар.
"Ресейде дата-орталық ашуға 6 миллиард рубль кетсе, Қазақстан аумағында ашуға 4 миллиард рубльге жуық кетеді" - дейді Тохир Тухтаров.