Аягөздегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады altaynews.kz.
"Бұған дейін Шығыс Қазақстанның бас педиатры болған Шолпан Макашева Аягөздегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болып тағайындалды", – деп жазылған Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламасында.
Шолпан Макашева 1999 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясын педиатрия мамандығы бойынша бітірді, 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, экономика және бизнес магистрі дәрежесіне ие.
Орталықтың бұрынғы директоры Нұрлан Қантаев тәртіптік жауапкершілікке тартылғаннан кейін қызметінен босатылған.
"Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін осы орталықтың медициналық бөлімінің жетекшісі қызметінен босатылды. Одан бөлек, орталықтың бірнеше жауапты қызметкерлері тәртіптік шараларға тартылды", – деп толықтырды ШҚО ақпарат орталығынан.
Еске салайық, сәуірде Аягөздегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт бала қайтыс болып, іс қозғалған еді.