Төтенше жағдай инспекторлары кәсіпорындардың жұмысын тоқтату құқығына ие болады

1036

Юрий Ильин жаңа норманың қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді.

Төтенше жағдай инспекторлары кәсіпорындардың жұмысын тоқтату құқығына ие болады

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторларға қауіпсіздік ережелерін бұзған кәсіпорындардың жұмысын сот шешімін күтпестен тоқтату құқығы қайтарылуы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Сенат депутаттары өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар әлемі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін беру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске жолдады.

Осы құжатта мемлекеттік инспекторларға қауіпсіздік ережесін өрескел бұзған кәсіпорындардың қызметін тоқтату құқығын беру туралы норма қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, заң жобасында Азаматтық қорғаныс туралы заңның 39-бабының 4-тармағына жаңа норма енгізілмек. Бұл норма бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалаушы инспектор адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген шетін жағдайларда сот шешімінсіз қауіпті өндіріс нысанын, техникалық құрылғыларды пайдаланатын жеке кәсіпкерлер мен ұйымдардың жұмысын 3 күннен аспайтын мерзімге уақытша тоқтатуға немесе жабуға құқылы. Бірақ істі осы уақыт ішінде сотқа жолдауға міндетті. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осы норманың нақты қалай орындалатынын түсіндірді.

"Бұл жерде жемқорлық тәуекелдерін болдырмас үшін өндірісті тоқтату немесе жабу туралы шешім қабылдай алатын инспекторлық құрамның өкілетін жіліктеп көресттік. Қандай жағдай болса да, инспектор 3 күн ішінде әрі қарай шешім қабылдау үшін материалды сотқа өткізу керек. Кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға немесе толық жабуға адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнгені себеп болады. Бұл жерде кәсіпорын қызметкерлеріне де, үшінші тұлғаларға да қауіп төнбеуі керек. Сол үшін "уақытша жабу", "уақытша қызметін тоқтату", "төтенше жағдайдың тәуекелін жою мүмкіндігі" деген ұғымдар қолданысқа енеді. Қауіпті жою мүмкін болмаған жағдайда кәсіпорынның қызметіне толық тыйым салынады", - деді министр. 

Заң жобасын дауысқа салған депуттар құжатқа бірнеше түзету енгізіп, Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу