"Қазақстандық ипотекалық компаниясы" ИҰ" АҚ клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Әсел Какетаеваның сөзінше, сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлерге жылдан жылға сұраныс артып келеді.
"Біздің компания 2015 жылдан бастап 4 жыл шамасында 18 мың 500 адамға 1 млн шаршы метрден астам жалға үй берді. Мұғалімдер мен дәрігерлерге, әкімдік кезегінде тұрғандарға арналған әлеуметтік бағдарлама аясында тағы да көптеген адамдарды баспанамен қамтымақпыз. Үміткерлер жұмыс орнынан құжаттарын тапсырады. Олардың тізімін әкімдікте, министрлікте қарастырады. Төлем қабілетін Қазақстан ипотекалық компаниясы бағалайды", – деді бөлім басшысы.
Сатып алу құқығымен тұрғын үй 20 жылға дейінгі мерзімде жалға беріледі. Ең ыңғайлысы мұнда бастапқы жарна талап етілмейді. Өтініш берушінің табысы үйді рәсімдеуге жеткіліксіз болған жағдайда, оған тағы бір адам кепіл бола алады.
"Жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін үй сатып алушының меншігіне өтеді. Кез келген жалға берілетін үйді мерзімінен бұрын сатып алу ұсынылады. Елорда бойынша 1 шаршы метрдің құны – 1455 теңге. Төлем қабілеті расталған жағдайда үміткерлер пәтерді өздері таңдайды. Бағдарламаға 3 жылға 40 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылған", – деді Әсел Какетаева.
Құралай Құдайберген