Түркістан облысында диқандар тиісті ақшасын ала алмай жүр

397

Олардың көбі қарызға батқан.

Түркістан облысында диқандар тиісті ақшасын ала алмай жүр

Түстіктегі мақташылар өткен жылы өткізген мақтасының ақшасын әлі ала алмай жүр. Соның салдарынан көбісі қарызға батқан. Себебі, былтыр егін егерде оларға қаржы берген зауыттар ақша уақытында қайтпаған соң қарызға үстемақы қосып жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тығырыққа тірелген мақташылар бұл мәселе үкіметтік деңгейде қаралса дейді. Өйткені, осы уақытқа дейін аудан, облыс әкімдігіне талай рет шағымданғанымен, нәтиже жоқ. Есесіне, кезінде ақша берген зауыттар уақыт өткен сайын қысымды күшейткен. Тіпті, келісімшартқа қол қоймағандардың жерін тартып алатынын айтқан.

"Барлық мақтамызды апарып тасырдық. Қалғаны болмай қалды. Биыл құтыламыз ба деп отырсақ, үстіне 4 млн теңге өсімпұл қойып тастаған. Оны қайтып құямын? Келісімшартқа қол қоймаймын десем, мүлкіңді тәркілеймін, сатамын дейді",- деді диқан Мейірбек Ілиясов.

Жалпы өңірде қазір қанша шаруаның ақшасын алмай жүргені туралы нақты ақпарат табу қиын. Белгілісі, қаржыдан қысылған кейбір диқандар биыл мақта егу үшін үйлерін кепілге қойып, банктен несие алған. Қазір сол қаржыны үстемақысымен қосып төлеп отыр. Сондықтан қысқа жіп күрмеуге келмей, өнімге тыңайтқыш тауып бере алмай қиналғандар күн сайын өткен жылы мақта өткізген зауыттың есігін торуылдайды. Ал, зауыт басшылығы болса, трейдерлік компаниялар тарапынан ақ алтынға сұраныс төмендеп кеткенін алға тартып әлек.

"1 мың тонна талшықтан компаниялар негізінде 55-60 млн-ға шейін шығынға кіріп отырмыз. Өткен жылы жиналған мақтаның 60 пайызы әлі сатылмаған. Екі айдан кейін мақта терім басталады. Ол мақтаны қайда жіберетінімізді, не істейтінімізді де білмей отырмыз", - деді мақта өңдеу зауытының өкілі Берік Қадырәлиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу