Жетісай ауданындағы шаруалардың бірі, Руслан Құдайқұлов, биылғы жылы 15 гектар аумаққа ерте пісетін "Зарисма" және "Валикор" сорттарының 525 мың түп қырыққабат көшетін егіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өткен жылы да дәл осы сорттардан жоғары өнім алған ол, 10 жылдан бері ағын суды үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін қолдануда.
"Біз отбасымызбен диқаншылықпен айналысамыз. Бұл біздің негізгі күнкөрісіміз. Қазіргі таңда 20 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларымызға күніне 5000 теңгеден еңбекақы төлеудеміз. Наурыз айында ашық жерге қарбыз бен болгар бұрышы егу жоспарымыз бар. Қырыққабат көшеттерінің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Күтім мен баптауға үлкен мән беріп отырмыз", – дейді шаруашылық басшысы.
Ал Келес ауданында орналасқан Аққорған ауылында шаруалар картоп егу жұмыстарын жүргізуде. Мұнда әр маусымда екі рет өнім жинау дәстүрі қалыптасқан. Биыл 3 гектарға картоп, 3 гектарға сәбіз егілген, ал алда тағы екі гектарға қырыққабат егу жоспарланған.
"Биыл Ресейден картоптың "ривьер" атты ерте пісетін сортын алдырдық. Ол 60-65 күн ішінде пісіп, жеуге дайын болады. Ал "артемист" сорты 70-80 күнде өнім береді. Суық пен жауын-шашыннан қорғау үшін егістік жерді арнайы материалмен жабамыз", – деп атап өтті "Тыныбек" шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбай Ахметов.