Елімізде тұрмысы төмен азаматтардың саны өсті

684

Министр инфляцияның жоғарылуы қарапайым халықтың өміріне қалай әсер еткенін айтты.

 Елімізде тұрмысы төмен азаматтардың саны өсті Фото: ortcom.kz

Былтыр Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 20 пайызға жетті. Елдегі тұрмысы төмен азаматтардың саны көбейді ме? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Атаулы әлеуметтік көмекті төлеген кезде әр өңірдегі күнкөріс деңгейі ескеріледі. 2022 жылдың 4 тоқсанындағы қорытындыға сәйкес, республика көлемінде орташа күнкөріс деңгейі – 45623 теңге. Мысалы, Маңғыстау облысында – 54 мың теңге, Астанада – 50 мыңнан асады. Осы күнкөріс деңгейінің себетіне қарап әр облыс атаулы көмекті де әртүрлі төлейді. Мысалы, Елордада 50 мың теңге дедім ғой, бұл қалада 8500 тг төлеп жатыр. Маңғыстау облысында 7644 тг, Шымкентте 5921 теңге төлеп жатыр. Сол күнкөріс деңгейінің ішіне азық-түлік себетіндегі 43 өнім кіреді.

Атаулы әлеуметтік көмекті алып жатқандардың шамасы өсті деп айта алмаймын. Бірақ кедей азаматтардың шамасы өсті. Екі мәселені біліп алайық. Біз кедейлік шегі деп күнкөріс деңгейін айтамыз. Ал атаулы әлеуметтік көмекті сол күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмендерге беріп жатырмыз", - деп түсіндірді министр.

Осы тұста тілші министрге "Елде тұрмысы төмен азаматтардың саны өсті деп айтсақ қателеспейміз бе?" деген сұрақ қойды.

"Қателеспейміз. Себебі инфляцияның жоғарылығы есебінен азаматтарымыз өздерінің қаражаттарын азық-түлік себетін алуға жұмсап жатыр. Мәселен, қолдағы бюджет сомасы 100 мың теңге деп қарастыратын болсақ, соның 60-70 пайызы азық-түлік сатып алуға кетіп жатыр. Бұрын бізде 50-50 болатын. Отбасының одан әрі дамуы үшін қалатын қаражат азайып қалды. Әрине бұл (инфляция – авт.) әр отбасының бюджетіне әсерін тигізеді", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу