ТЖМ қызметкерлері министрге деп ақша жинағаны рас па?

519

Әр офицер 50 мыңнан, қатардағы құрам 20 мың теңгеден жинаған деген дерек бар. 

ТЖМ қызметкерлері министрге деп ақша жинағаны рас па? Фото: Тамара Сухомлинова

ТЖМ майоры Зуялхан Гасанов департаменттегі біраз былықтың бетін ашты. "Министрдің құрметіне ақша жиналды" деп мәлімдеген майор бұл заңсыздықты жаңа министрдің өзіне де айтқан. Алайда, ведомство басшысы Сырым Шәріпханов экс-қызметкерден дәлел сұраумен ғана шектеліпті.

Зуялхан Гасановтың мәлімдемесі қоғамды дүр сілкіндірді. Оған Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі бұрынғы әріптестері министрге ақша жинағанын айтқан. Жаңа шенеуніктің жылы орнына отырғаны үшін әр офицер 50 мыңнан, қатардағы құрам 20 мың теңгеден берген көрінеді. Өрт сөндіру саласында 25 жыл еңбек еткен ол бұл қалыптасқан үрдіс, деп отыр. 

"Қол астымда жұмыс істеген көптеген жігіттер бар. Олармен хабарласып тұрамыз. Олардың әрқайсысы қоңырау шалып, мұңдарын айтуда. Бізде аттестация деген бар, одан өткен кезде тағы 30 мыңнан жинайды. Олардың мөлшерлемесі сондай. Кейін сыйақы беріледі, оның да 80 процентін жинап алады. Бізге бермейді, берсе де 10 мың, 3 мыңнан береді", – дейді ТЖМ майоры Зуялхан Гасанов. 

Майор бұл жайтты жаңа министрге де бүкпесіз баяндағанын айтады. 

"Министрге айтқанымда ол ешқандай пікір білдірген жоқ. Ол қандай дәлелдерің бар деп сұрады? Қалай жұмыс істейміз? Не ұсынасың деді? Жасырын сауалнама жүргізейік дедім. Оған келіспеді", – дейді ТЖМ майоры.

Қоғамды шулатқан жәйтқа министрлік бірден үн қатты. Олар экс-қызметкерінің осыған дейін де жала жапқанын айтады. 

Ол бірнеше рет осындай мәселелер бойынша ТЖМ-ге жүгінді, бірақ тексеру нәтижелері бойынша ол көрсеткен дәлелдер расталмады. Осыған қарамастан, өтініште айтылған әрбір факті бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізілетін болады", – дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Өрт сөндіруші мекемедегі заңсыздықты айтамын деп, қуғынға ұшырадым, деп отыр. Денсаулығы үшін демалысқа қалып, кейін дәрігердің сертификаттары дұрыс емес деген желеумен, зейнетке шығар уақытта қызметтен қуылған. Қазір департаментпен соттасып жүр. Ал, заңгерлер сотта көп жағдайда мемлекеттік органдар жеңіске жететінін айтады. 

"Өкінішке орай бүгінгі таңда судья қандай да бір шешім шығармас бұрын ол міндетті түрде бұл шешім ол кісінің мәнсабына нұқсан келтіре ме немесе тәртіптік жазаға тартыла ма, сол себептен көп жағдайда осы шешімдер мемлекеттің тарапына болып жататыны сөзсіз. Ақтау шешімін шығарғаны үшін судьяны жұмыстан шығарып тастаған фактілер де орын алды", – дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Антикордың мәліметінше, төтенше жағдайлар министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше бастықтары жасаған. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліпті. Алдыңғы қатарда, Шымкент қаласы тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу