ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы Қытайдың Ухань қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті елге жеткізді. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін елге оралған азаматтар қаладан 7 шақырым жерде орналасқан елорданың көпбейінді ауруханасы жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды",– делінген хабарламада.
Аталған клиника инфекциялық қауіпсіздіктің қажетті технологияларымен, заманауи диагностикалық, емдік және реанимациялық құралдармен жабдықталған, тиісті медициналық қызметкерлері бар.
Эвакуацияланған азаматтар қосымша тексеруден, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияға тестілеуден өтеді.
"Карантин кезеңі кезінде елге келген адамдармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық персонал ғана байланыста болады. Елге жеткізілген азаматтардың туған-туыстары мен жақындары хабардар етілді және олар карантиндік кезеңнің регламентімен таныстырылды",– делінген таралған хабарламада.