Whatsapp мессенджерінде электронды төлем қызметі іске қосылды. Бірақ тестілеу әзірге пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Бұл қызмет түрін компания әуелі Бразилия елінің тұтынушылары арасында сынақтан өткізбек. Содан кейін ғана ол толықтай барлық елдерде пайда болады.
"Бүгін Бразилия еліндегі Whatsapp қолданушылары үшін төлем қызметін қостық. Ақша жіберу және алу фото алмасу сияқты оңай болады. Сонымен қатар шағын бизнес үшін Whatsapp арқылы сауда жасауға мүмкіндік береміз", – деді Facebook компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг.
Оның сөзінше, осы мақсатта Facebook Pay деп аталатын қызмет құрылған. Бұл қызмет түрі компанияға тиесілі қосымшалардағы төлемнің ыңғайлы жүргізілуін қамтамасыз етеді.
"Біз Banco do Brasil, Nubank, Sicredi, Cielo сияқты жергілікті банктермен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бразилия – осындай төлемдерді тестілеуден өткізіп жатқан алғашқы ел. Кейін мұндай елдердің қатары көбейеді", – деді Цукерберг.
Табиғат Нұрболат
Фото: ft.com