Зейнетақы жинақтарының шекті мәнін қайта төмендету ұсынылды

Депутат зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелерін қайта қарау керек деп санайды. Бұл бастаманы мәжілісмен Аманжан Жамалов көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Зейнетақы жинақтарының шекті мәнін  қайта төмендету ұсынылды Фото: inform.kz

"Қазақстанда кәмелетке толған адам екі негізгі мәселеге байланысты жиі "бас ауыртады", оның бірі, зейнет жасына дейін қалай өмір сүремін. Екіншісі, осы зейнетақыға қалай күн көремін. Расымен, соңғы бір жылда (2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін) БЖЗҚ рентабельділігі 7,5%-ды құрады. Бұл ретте инфляция 18%-дан асты. Яғни, нақты рентабельділік айтарлықтай теріс. Экономиканы несиелеуге келетін болсақ, БЖЗҚ ұзақ мерзімді қаржы көзіне айналған жоқ.

Зейнетақы жинақтары негізінен мемлекеттік облигацияларға, банктердің және халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестицияланады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімсіздігінің басты себебі – БЖЗҚ-ның нарықтағы монополиясы болып табылатынын бірнеше рет атап өттім", - деді мәжілісмен.

Бұл ретте ол Президенттің зейнетақы активтерін басқару нарығын монополиясыздандыру, ол үшін кәсіби ұжымдарды тарту жөніндегі тапсырмаларын еске салды.

"Ең қызығы, БЖЗҚ Мемлекет басшысының тапсырмасын формальды түрде орындады. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға төрт компанияны (BCC Invest, Halyk Global Markets, Jusan Invest, Centras Securities) тартты. Оларға сенімгерлік басқаруға 9 млрд теңге берілді. Бұл күлкілі сома, өйткені ол барлық зейнетақы жинақтарының 1%-ынан аз. Бүгінгі таңда олардың инвестициялық көрсеткіштері БЖЗҚ-дан да нашар. Шын мәнінде бұл жеке зейнетақы қорлары емес, брокерлік компаниялар. Президенттің тапсырмасы нысан бойынша да, мазмұн жағынан да формальды түрде орындалды деп сенімді түрде айта аламын", – деді депутат.

Осыған байланысты Жамалов үкіметтен қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, зейнетақы активтерін басқару нарығын монополиясыздандыру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

"Келесі маңызды мәселе – азаматтардың жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану мүмкіндігін беру. Бұл құқықты 1,3 млн-нан астам адам пайдаланды. Қазақстандықтардың арнайы шоттарына 3,2 трлн теңгеге жуық қаржы аударылды. Осы қаражатқа олар пәтерлер сатып алды, денсаулығын жақсартты, т.б.", – деп жалғады ойын мәжілісмен.

Ол үкіметке зейнетақы жинақтарын пайдаланудың шекті мөлшерін төмендету мәселесін қайта қарау қажет деп есептейді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу