Жәйрем-Қаражал су құбыры іске қосылды

2216

Бес облыста "сақалды құрылыстар" аяқталды.

Жәйрем-Қаражал су құбыры іске қосылды

Экология, геология және табиғи ресрустар министрлігі жыл түгесілер шақта "сақалды құрылысқа" айналған бес ірі су құбырының құрылысы аяқталғанын хабарлады. 

Алматы облысының Қаскелең қаласында жаз сайын су тапшылығы сезілетін. 2013 жылы басталған Қаскелең су құбырының құрылысы жеті жыл деген әрең аяқталып отыр. 

"Жобаны аяқтау 58 418 тұрғыны бар Қаскелең қаласын сумен жабдықтауды көздейді. Келесі кезеңге қосымша екі кешен салу жобаланған. Бұл халық саны 22 мыңнан асатын 23 ауылды сумен қамтамасыз етеді", – делінген министрлік таратқан мәліметте.  

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында Жәйрем-Қаражал су тартқышы тонауға түсіп, халық ауызсусыз қалған болатын. Су қайтқан соң, ел де ауды. Бұл нысан да биыл қолданысқа берілді. Ресми ақпаратқа сенсек, жоба аясында 55 ұңғыма қалпына келтіріліп, ұзындығы 226 шақырым болатын 315 миллиметрлік қос тармақты полиэтилен құбыр төселген. Қазір аталмыш нысаннан елге тәулік бойы ауызсу тоқтаусыз берілуде.  

Құрылысы 2010 жылы басталған Май су құбыры да жемқорлық пен жауапсыздық салдарынан бірнеше жылға созылған. Жобаның екінші кезеңінде 145 шақырымдық магистраль тартылып, 10500 адам тұратын 15 ауыл суға жалғанды. 

"Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында Сырдарияның сол жағалауын мекендеген тұрғындар термалды ұңғымалардың, шахталық құдықтардан, санитарлық талапқа сай келмейтін арналардың суын пайдаланып келген болатын. Жаңа жобаның арқасында 338 шақырымдық магистраль тартылып, 23 мыңға жуық халқы бар 16 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізетін болады",– делінген министрліктің мәліметінде. 

Ал Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданының Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе, Қапал ауылдары мен Шайқорық стансасының халқы жер астындағы көздерден жылына 308,78 мың текше метр су айдайтын 57,241 шақырымдық магистральге жалғанды. Осылайша, Қазақстанның бес облысында 116 мыңнан астам тұрғыны бар 39 елдімекенге 673 шақырымдық су құбыры тартылған.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу