Жайылымның "жыры" басылмай тұр

508

Ақтөбеде бүтін бір ауыл мал жаятын жер таппай отыр. 

Жайылымның "жыры" басылмай тұр Фото: inbusiness.kz

"Өрлеу" алабы – облыс орталығының тап іргесінде, Ақтөбенің Алматы ауданына қарайды. Тұрғын алабында екі жарым мың тұрғын бар.  Ірілі-ұсақ малын өсіріп, күнелтіп отыр. Ауыл тұрғындарының үш жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі - жайылым. 

-  Ауылға 2006 жылы Темір ауданынан көшіп келдім. Мал ұстаймын, жері жақсы дегенмін, көшіп келгенде мың бас қойым болды. Қазір 20 шақты қой, 4-5 бас сиырым бар. Бастапқы уақытта жайылымнан проблема болған жоқ, ауылдың айналасына шығып жайып жүрдік. Уақыт өте келе жақын маңдағы жердің бәрін жекеге жалға берді ма, содан жайылым да тарыла бастады. Қазір алақандай жерге жайып отырмыз. Мал көкке аузы тигенімен, тоймайды. Емін-еркін жайыла алмайды. Кішкене жүрсең карьер қазуға беріп тастаған жер, мына жақта бақша егетіндерге берген. Екі ортада біз сияқты тұрғындар азабын тартып отырмыз. Амал жоқ, мал басын азайтып жатырмыз.  Әйтпесе, бәрі де мал ұстағысы келеді ғой, - дейді Өрлеу ауылының тұрғыны Қуаныш Атыраубаев.

Ауылдықтар жергілікті атқарушы билікке  кәсіпкерлікке жер бөлетін кезде тұрғындармен ақылдасып және бау-бақша, құрылыс нысандары ретінде жер учаскелерін ауылдан шалғай жерден беру туралы айтқан.  

"Үш жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Былтыр айтқанымызда, пайдаланбай жатқан жерді қайтардық деген болатын. Жақында ауылдың маңындағы жерді тағы да кәсіпкерге берген деп естідік. Мұны кім бақылайды?- дейді тағы бір тұрғын Сатыбалды Өтегенұлы.

"Ақтөбе жер мониторингі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы Қолғанат Нұрсұлатн былтыр Өрлеу ауылы тұрғындарына 240 га жер телімі берілгенін айтты. Қазір облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. 

-          Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша  жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе  отырып, Жер кодексінің  92, 94-баптарына сәйкес,  пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығына арналған жерлерін қайтару  бойынша  жұмыстанып жатырмыз.  Биылғы жылы Ақтөбе қаласы аумағы бойынша шамамен  жоспар  бойынша 6000 га жер  қайтаруымыз керек,- деді Қолғанат Нұрсұлтан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу